Арабша сөздер мен қылыштың суреті бар: Қазақстанның туын өзгертіп фотоға түскен қара киімді қыздар ұсталды
Желіде жүздерін жасырып, қолдарына арабша сөздер мен қылыш бейнеленген Қазақстан туын ұстаған қыздардың суреті пайда болды Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
Суреттің Атырау қаласында түсірілгені анықталды. Атырау полициясы күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. Қазір оқиға бойынша алдын ала тергеу басталған.
"Суретте бейнеленген барлық төрт күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Тергеу мүддесінде басқа ақпарат жарияланбайды", — делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға заң бойынша үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу (2025 жылы 11 796 000 теңге) немесе 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ суреттегі Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан туы әлеуметтік желіде ашық сатылымда жүргені белгілі болды.
Еске салсақ, өткен жылы полиция Астанадағы лэд-экранда Ресей туының орнына Украина туының қойылуына байланысты қылмыстық іс қозғаған еді.