Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тростан өзенге құлап кеткен: Жетісу облысындағы қайғылы оқиғаға қатысты тың деректер белгілі болды

Видеодан скрин

Жетісу облысында Көксу өзеніне құлап, табылмай жатқан 36 жастағы әскери қызметкерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылардың мәліметінше, іздестіру шаралары 20 мамырға дейін жалғасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жетісу облыстық ТЖД мәліметінше, ол Көксу өзенінен арқан арқылы өтпек болған кезде қатты ағысқа түсіп кеткен. Жоғалған адамды іздеу жұмыстары төртінші күн қатарынан жалғасуда.

"Іздестіру жұмыстары екі кезеңге бөлінеді: белсенді кезең – бұл ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) және басқа да іздестіру құралдарын қолдана отырып жүргізілетін күшейтілген іздеу шаралары, және пассивті кезең – жоғалған жерлер, су беті, жағалаулар, аралдар мен қайраңдарды бақылау, сондай-ақ куәгерлермен сұхбат жүргізу. Жалпы ұзақтығы – 10 күн", – деп хабарлады Жетісу облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарланғандай, әскери қызметкер келісімшарт негізінде жұмыс істеген. Алайда оқиға кезінде ер адамның қызметтік міндетін атқарып жүрмегені және спирттік ішімдік қолданбағаны анықталған.

Аталған трос – гидрологиялық бақылау бекеті болып табылады және "Қазгидромет" мемлекеттік бақылау желісіне жатады.

"Бұл бекеттің РМК “Қазгидромет”-ке тиесілі екенін көрсететін тақтайша орнатылған. Гидрометриялық өткелді рұқсатсыз пайдаланудың алдын алу үшін арқан бойымен қозғалатын арба құлыппен бекітіліп, тірекке байланады", – деп мәлімдеді Жетісу облысы ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Ресми мәлімет бойынша, іздестіру жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар, полиция, әскери полиция және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерін қоса алғанда, шамамен 100 адам жұмылдырылған.

Күндізгі уақытта іздестіру жұмыстары өзеннің екі жағалауында және өзен арнасында жүргізіледі. Қиын учаскелерді бақылау үшін дрон пайдаланылады.

Еске сала кетейік, 10 мамыр күні Жетісу облысы Кербұлақ ауданында Көксу өзенінің бір жағынан екінші бетіне трос арқылы өтпек болған ер адамды ағыс алып кетті.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 22:14
Талқылау