"Ата-анамды пәтерімнен қуып шықтым": Желіде ер адамның жазбасы қызу талқыланып жатыр
Фото: medznat.ru
Желіде ата-анасын үйінен қуып шыққан ер адамның жазбасы қызу талқыға түсіп, қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінде “sertygg22” парақша иесі жақында басынан өткен оқиғаны бөліскен. Жазба авторы алдымен өз жасын жазып, қалай баспаналы болғанын айтып берген.
“Мен ата-анамды пәтерімнен қуып шықтым. Иә, жаман естіледі, бірақ алдымен жағдайды түсіндірейін. Мен 29 жастамын. Пәтерді ешкімнің көмегінсіз өзім сатып алдым, бұл мұра емес, нақты қаражатқа алдым, яғни ипотека емес. Жылдар бойы жұмыс істедім, үнемдедім, түнде қосымша жұмыс істедім. Міне, өз баспанам”, – деп жазды ол.
Ер адамның айтуынша, ол ата-анасын өз үйінен қуып шыққан. Ол бұл әрекетін “ата-анам бір аптаға тұруға сұранғанына қарамастан, бір айға қалып, үйімде иелік ете бастады” деп түсіндірді.
“Бір ай бұрын ата-анам үйлерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айтып, бір апта менің үйімде тұра тұруға сұранды. Әрине, келістім. Бірақ бір ай өтті. Күнде таңертең анам менің кеш оянатыным үін айғайлайды. Ал әкем үйдегі жиһаздардың орнын ауыстырып тастады. Ал кеше үйге достарын шақырып, асүйде балық қуырыпты. Сасық иіс екі күн бойы кетпеді. Мен сабырмен “Әке, ана, жетер. Мен сіздерді жақсы көремін, бірақ бұл менің үйім” деп айттым. Олар ренжіп, есікті тарс жауып кетіп қалды. Енді туыстарым қоңырау шалып, мені “өзін кім өсіргенін ұмытып қалған, рақметі жоқ бала” деп жатыр.
Ол жазба соңында желі қолданушыларынан әрекетінің қаншалық дұрыс екенін сұраған.
“Шын айтыңыздаршы, мен өз үйімді тіпті ата-анам үшін коммуналкаға айналдыруға міндетті емеспін ғой? Әлде мен артық кеттім бе?” – деп жазған ол.
Осы тұста қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Бірінші топ автордың бұл әрекеті ата-анасының жүрегінде ұзақ сақталатынын, ал автор ол адамдарға әрдайым қарыздар болатынын жазған.
“Сасық иіс екі күннен соң кетеді, ал сіздің әрекетіңіз ата-анаңыздың жүрегінде мәңгілікке қалады. Олар осы уақытқа дейін сізге шыдады, сіз де бір ай шыдай тұрсаңыз болар еді”, “Эхх, кезінде бұл ер адам да сәби болды, түнімен жылап, ата-анасвна ұйқы бермеді, ойыншықтарды шашты, тамақты жерге лақтырды. Оны туды, жуындырды, жүруді үйретті, ауырғанда емдеді, оқытты, киіндірді, 29 жыл үйлерінде тұрғызды. Ал сіз 29 ға келгенде осының бәрі ұмытып кеттіңіз”, “Анаңыз сізге қараймын деп кем дегенде 2 жыл ұйқысынан айырылды, ал бұл ол сізді өсіремін деп басынан өткізген қиындықтың бірі ғана. Сондықтан сіз оларға өмір бойына міндетті болып қаласыз”, “Өте нашар шешім, ата-анамды қуып жатқанымды елестете алмаймын”, “Меніңше, сізге тексерілуі керек. Олар сізді өмірге әкелді, өсірді, тәрбие берді, дегенмен дұрыс тәрбие бермепті. Жасыңыз 30-ға келсе де, жеке пікіріңіз қалыптаспаған екен. Осындағы адамдардан ақыл сұрап отырсыз”, – деп жазған.
Екінші топ авторды қолдап, баланы дүниеге әкелу ата-ананың шешімі болғанын жазған.
“Ата-анаң саған барын берді” деп айтып жатқандарға таңғалып отырмын, бұл олардың міндет емес пе? Олар баланы тууға шешім қабылдаған соң, оны өсіруге, киіндіруге, бар жағдайын жасауға міндетті”, “Дұрыс, автор жеке шекарасын қорғап қалды”, “Сіз дұрыс жасадыңыз. Олар сіздің үйіңізде қонақ, ал қонақ үй иесін құрметтеуге тиіс”, “Баланы дүниеге әкелу – ата-ананың қалауы! Балаға күтім жасау, өсіру ата-ананың тікелей жауапкершілігі”, “Автор, бәрін дұрыс жасағансың, жеке шекараны бұзбау қажет”, – деп жазған олар.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі