Трамп ресейлік мұнайға қайталама баж салығын саламын деп сес көрсетті
Дональд Трамп егер Ресейдің кесірінен Украинамен бітімге келе алмаса, АҚШ Ресейден жеткізілетін бүкіл мұнайға 25% мөлшерінде қайталама баж салығын саламын деп ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Brandon Bell
АҚШ президенті егер Мәскеу Украинадағы атысты тоқтатуға кедергі келтірсе, Ресей мұнайына қайталама баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
“Егер біз Ресеймен Украинадағы қан төгісті тоқтату туралы келісімге келе алмасақ және бұл Ресейдің кесірінен болса, олай болмауы да мүмкін. Бірақ егер мен Ресейді кінәлі деп тапсам, онда Ресейден жеткізілетін бүкіл мұнайға қайталама баж салығын енгіземін", – деді Трамп 30 наурыз күні NBC News телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, баж салығы 25-50% мөлшерде, кез келген уақытта енгізілуі мүмкін. Егер атысты тоқтату туралы келісім жасалмаса, ол бір ай ішінде күшіне енеді. Бұл Ресейден мұнай сатып алсаңыз, АҚШ-та кәсіп жүргізе алмайсыз дегенді білдіреді.
Сондай-ақ Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің Украина президенті Владимир Зеленскийдің өкілеттігіне күмән келтіргеніне "қатты ашуланғанын" және "ызалы” екенін айтты. Десе де, Трамп Украинадағы жағдайға байланысты наразы екеніне қарамастан, Ресей президентімен "өте жақсы қарым-қатынаста" екенін және егер Путин "дұрыс шешім қабылдаса", оның "ашуы тез тарайтынын" айтты.
Осыған байланысты АҚШ президенті алдағы аптада Путинмен тағы да телефон арқылы сөйлесетінін жеткізді. Алайда Кремль бұл ақпаратты әлі растаған жоқ және Трамптың сөздеріне пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін Трамп Ресейдің санкцияларды алып тастау туралы талабын қарап жатқанын айтқан еді.