Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Ресейге қатысты екінші реттік санкциялар енгізетінін мәлімдегеннен кейін мұнай бағасы төмендеді

Мұнай ұңғымасыФото: pixabay.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы екінші реттік санкциялар енгізу жөніндегі жоспарын жариялады. Бірақ оның Украинадағы соғысты тоқтату үшін Мәскеуге қысым көрсету жоспарында агрессор елден экспортқа кедергі келтіру шаралары қамтылмаған. Bloomberg басылымының жазуынша, осының аясында мұнай бағасы төмендей бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мысалы, West Texas Intermediate 2,1%-ға құлдырап, барреліне 67 доллардан төмендеді. Басылым Трамптың 50 күнде атыс тоқтатылмаса, Ресеймен бизнес жүргізетін елдерге 100% "екінші реттік" баж салығын енгізетінін айтып қорқытқанымен, ресейлік мұнай жеткізіліміне тікелей санкциялар туралы айтпағанын еске салды. Трейдерлер Трамп өткен аптада Ресейге қатысты "маңызды хабарландыру" айтатынын мәлімдеген кезде-ақ осындай жағдай болатынын болжаған.

"Екінші реттік баж енгізу қиын. Оның үстіне инвесторлар оның іске асатынына онша сенімді емес", – дейді Rabobank-тың жаһандық энергетикалық стратегі Джо ДеЛаура.

Трамп Ресейге қатысты жаңа жоспарын жарияламас бұрын мұнай 1,8% көтерілген еді.

"Бұл өсімді қолдайтын жалғыз нәрсе – Ресейдің мұнай немесе газ өнеркәсібіне қарсы АҚШ-тың қандай да бір тікелей эскалациясы", – дейді ДеЛаура.

Журналистер Трамптың жаһандық сауда соғысын қайта тұтатқанын да атап өтті. Өткен демалыс күндері ол Еуропалық Одақ пен Мексикадан келетін тауарларға 30% баж салығын енгіземін деп қорқытты, бұл энергия тасымалдаушыға деген сұраныс перспективасын нашарлатты.

"Қысқа мерзімді перспективада сұраныс сақталып жатқан сияқты. Қытай бірінші жартыжылдықты рекордтық сауда профицитімен аяқтады, ал фабрикалар тариф саясатының "америкалық сырғанағына" төтеп берді. Сауда деректері де биыл шикі мұнай импорты өскенін көрсетті. Vortexa мәліметтеріне сәйкес, ел бұл маусым айында Иран мұнайын сатып алуды айтарлықтай арттырды", – делінген хабарламада.

Мұнай биыл да 6%-дан астам арзандады, өйткені трейдерлер мен инвесторлар Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістерді ескереді. Бұл АҚШ бастаған сауда соғысы жағдайында жеткізілім мәселесіне қатысты алаңдаушылық тудырады. ОПЕК+ мұнай өндіруге шектеулерді бірте-бірте жеңілдетіп жатыр, бұл жылдың екінші жартыжылдығында ұсыныстың артуына әкелуі мүмкін.

"Трейдерлер қазір сейсенбі күні шығатын АҚШ-тың тұтынушылық бағалар индексінің деректеріне назар аударып, ақша-несие саясатының алға жылжу жолын анықтап жатыр", – деп атап өтті Bloomberg.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізді. Америка басшысы егер Путин Украинамен 50 күнде бітім жасамаса, Ресейге қарсы қатаң санкциялар саламыз деп қорқытты.

Трамп Ақ үйдегі доғал кабинетте баспасөз өкілдерімен әңгімелесу барысында Ресейге және оның сауда серіктестеріне әсер ететін 100% екінші реттік импорттық баж салығы туралы айтып отырғанын жеткізді.

"Ресейге көңіліміз толмай отыр, өте қатаң тарифтер енгіземіз... шамамен 100%. Мен Ресейге және жеке Владимир Путинге өте наразымын", – деп мәлімдеді ол.

Еске салсақ, 2 сәуірде Трамп 185 елге баж салығын енгізетінін мәлімдеген еді. АҚШ баж салығын салған елдердің тізімінде Қазақстан да бар. Ал бұған дейін Тоқаев "ондаған жылда болмаған дағдарыс" деп Трамптың енгізген тарифіне қатысты алаңдаушылық білдірді.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 09:57
Талқылау