Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Ормуз бұғазы ашылмаса, Ирандағы көпірлер мен электр станцияларын бомбалаймын деп сес көрсетті

Трамп Ормуз бұғазы ашуды талап еттіФото: AP Photo/Phelan M. Ebenhack

АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде Ормуз бұғазы ашылмаса Ирандағы электр станциялары мен көпірлерді қирататыны туралы айтып, балағат сөздер қосып жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

 

"Сейсенбі Иранда электр станциялары мен көпірлер күні болады. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Қарғыс атқыр бұғазды ашыңдар, есуас жексұрындар, әйтпесе, тозақта өмір сүресіңдер – күтіңдер! Аллаға мадақ”, – деп жазды Ақ үй басшысы.

Сонымен қатар жексенбі күні Fox News арнасына берген сұхбатында Дональд Трамп белгіленген мерзім аяқталғанға дейін, Иранмен келісімге келуге "жақсы мүмкіндіктер бар” екенін айтты.

“Менің ойымша, ертең келісімге келуге өте жақсы мүмкіндік болып тұр. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Егер олар келісімге келмесе мен бәрін жарып жіберіп, мұнайды бақылауға алу мүмкіндігін қарастырамын", – деді Трамп.

Ол жексенбі күні кешке тағы да түсініксіз жазба жариялап, одан оның Иранға қойған ультиматум мерзімін дүйсенбіден сейсенбіге, яғни тағы бір күнге шегеруі мүмкін екенін аңғаруға болады.

“Сейсенбі күні, шығыс уақытымен 20:00”— деп жазды ол.

Алайда оның нақты не айтқысы келгені белгісіз.

Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер-Галибаф Трамптың қоқан-лоқысына "Америкалық президенттің абайсызда жасаған әрекеттері бүкіл жерді отқа орайды” деп жауап берді.

"Бір ғана нақты шешім — иран халқының құқықтарын құрметтеу және осы қауіпті ойынды тоқтату", – деп қосты Галибаф.



Еске салайық, 22 наурызға қараған түні Трамп Тегеранға бұған дейін де 48 сағаттық ультиматум қойды. Сол кезде ол Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастауды талап етіп, бұл орындалмаса, АҚШ әскері Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасайтынын ескерткен. Кейін Ақ үй басшысы Иранмен келіссөздерге сілтеме жасап, ультиматум мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген.

Күні кеше АҚШ президенті Тегеранды тозаққа айналдырамын деп қорқытқан еді.

“Естеріңізде ме, мен Иранға келісімге келу немесе Ормуз бұғазын ашу үшін он күн уақыт бердім. Уақыт өтіп барады – 48 сағаттан кейін олар үшін нағыз тозақ орнайды”, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Тегеран ультиматумды қабылдаудан бас тартып, АҚШ президентінің өзін “тозақтың түбіне жіберетінін” мәлімдеді.

Еңлік Сақтан
Дүйсенбі, 06 Сәуір, 2026 09:34