Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Иранмен келіссөз басталғанын мәлімдеп, шабуылды 5 күнге тоқтатуды тапсырды

Фото: Lucas Parker / Shutterstock/Fotodom

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің қарулы күштеріне Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырды. Тегеранмен келіссөз жүргізу мақсатында осы шешім қабылданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақ үй басшысы мұны Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен Иран соңғы екі күн ішінде Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерді “толық әрі жан-жақты реттеу” мәселесі бойынша “өте жақсы және нәтижелі келіссөздер” өткізген.

“Осы келіссөздер терең, жан-жақты әрі конструктивті сипатта өтті. Олардың мазмұнын ескеріп, әрі олар алдағы апта бойы жалғасатындықтан Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына қатысты кез келген әскери соққыларды бес күнге шегеруді тапсырдым”, – деп жазды Трамп.

Трамптың бұл мәлімдемесі мұнай бағасының күрт төмендеуіне әкелді. Атап айтқанда, Brent маркалы мұнай бағасы 13%-ға арзандап, шамамен бір баррелі 96 долларға дейін түсті. Ал FTSE 100 индексі бұрын 2%-дан астам төмендегеніне қарамастан, қазір 0,5%-ға өсіп отыр.

22 наурыз күні Трамп Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін жолды ашпаса, 48 сағат ішінде Иранның электр станцияларына соққы беретінін ескерткен еді. Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусы қираған электр станциялары толық қалпына келтірілмейінше бұғазды толық жабатынын мәлімдеді.

Ал Иран билігі бұғаздың “Иранға қарсы елдермен байланысты кемелерден басқа кемелер үшін ашық” екенін хабарлады.

Kpler талдау компаниясының мәліметінше, соңғы үш аптада бұғаз арқылы өткен кемелер саны соғысқа дейінгі көлемнің шамамен 5%-ы ғана болған.

Айта кетейік, бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) елдің Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи өлтірілген соң “Иран қарулы күштері тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясын” бастауға уәде берген еді. Ел үкіметі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялап, 7 күнді демалыс күндері деп белгіледі.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Хаменеи қаза тапқан соң ел қалаларының орталық алаңдарына мыңдаған адам жиналып, кек қайтаруды талап етіп жатыр. Сонымен қатар елде жаппай аза тұту шаралары өтіп, мешіттерде қаралы тулар көтерілген.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 23 Наурыз, 2026 17:15