Трамп Иранға Эр-Риядтағы АҚШ елшілігіне жасалған шабуылға жауап беруге уәде етті

АҚШ президенті Дональд Трамп жуық арада Вашингтон Сауд Арабиясының астанасындағы Америка елшілігіне жасалған шабуылға қатаң жауап беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратты NewsNation телеарнасының журналисі Келли Мейер Ақ үй басшысына сілтеме жасап жария етті.
Мейердің айтуынша, әңгіме барысында америкалық көшбасшы Эр-Риядтағы дипломатиялық миссияға жасалған шабуылға, сондай-ақ өңірдегі америкалық әскери қызметшілердің қазасына қандай жауап берілетіні таяу уақытта белгілі болатынын айтқан.
- "Әли Хаменеи үшін кек": Хезболла Израильге шабуыл жасады
- Иранда АҚШ пен Израиль шабуылдарынан 555 адам қаза тапты
“Мен жақында президент Трамппен сөйлестім. Ол Эр-Риядтағы АҚШ елшілігіне жасалған шабуылға және америкалық әскери қызметшілердің өлтірілуіне қандай жауап болатынын жақын арада білесіздер деді”, – деді журналист.
Сонымен қатар Мейер Трамптың Иранға америкалық әскер енгізуді қажет деп санамайтынын нақтылады.
Жағдайдың мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді