Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп ағайынды Кеннеди мен Мартин Лютер Кингті өлтіруге қатысты барлық құжаттарды ашуға бұйрық берді

Президент Дональд Трамп Джон Кеннеди мен Роберт Кеннедиді және сол жылдары азаматтық құқықтың жетекшісі болған Мартин Лютер Кингті өлтіруге қатысты үкіметтік құжаттардың құпиясын ашуға бұйрық берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Голос Америка басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: AP photo

АҚШ президенті барлық құпияның ашылатынын айтты. 

Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Дональд Трамп "өте құпия" санатқа жатқызылған және Ұлттық мұрағатта сақталған Джон Кеннедидің өлтірілуіне қатысты құжаттарды жариялауға уәде берді. 

Сол кезде ресми комиссия 1964 жылы Джон Кеннедидің өлтірілуіне теңіз жаяу әскері Ли Харви Освальдты кінәлі деп тапты. Сондай-ақ Кеннедиді өлтіруде оның жалғыз әрекет еткенін мәлімдеді. Дегенмен Кеннедидің өлтірілуі Америка қоғамында әлі де пікірталас тудырып келеді. 



2022 жылдың желтоқсанында Ұлттық мұрағат Джон Кеннедидің қазасына қатысты 13 мыңнан астам құжатты жариялады. Алайда Байден әкімшілігі ұлттық қауіпсіздікке байланысты мыңдаған құжаттың жариялануына тосқауыл жасады. 

Джон Кеннедидің ағасы Роберт Фрэнсис АҚШ-тың бас прокуроры қызметін атқарған. Ол 1968 жылы 5 маусымда Лос-Анджелесте қаза тапты. Сол кезде Демократиялық партияның президенттік сайлауына түскен ол жеңіске жетуі мүмкін еді. Оны палестиналық иммигрант атқан. 

Азаматтық құқықтардың жетекшісі Мартин Лютер Кинг 1968 жылы 4 сәуірде Мемфис қаласында (Теннесси штаты) ақ сегрегацияшы тарапынан өлтірілді. Ол ереуілге шыққан қызметкерлерді қолдауға келген кезде қаза тапты. 

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті ретінде ресми түрде қызметіне кіріскен еді. 20 қаңтарда инаугурация өткен. 

Инаугурацияға өз орындарын алу үшін атақты адамдар, әлемдік көшбасшылар мен әлемнің ең бай адамдары келген. Олардың қатарында Аргентина президенті Хавьер Майли, X әлеуметтік желісінің иесі, SpaceX және Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск, Amazon негізін қалаушы Джефф Безос және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон бар. Қонақтар арасында 2016 жылғы сайлауда Трамптың басты қарсыласы атанған Билл мен Хиллари Клинтон да бар.

Талқылау