Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Африкадағы елдердің біріне әскер жіберуі мүмкін екенін мәлімдеді

Трамп Путинді сынады

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Нигерияда христиандарды өлтіру жалғаса берсе, елге қарулы күштерін жіберетінін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, мұндай жағдайда АҚШ Нигерияға кез келген көмек пен қолдауды бірден тоқтатады және “осы қорқынышты қылмыстарды жасап жатқан ислам террористерін толық жою үшін” өз күштерін бұл елге енгізуі әбден мүмкін.

Трамп сонымен қатар елдің әскери ведомствосына “ықтимал іс-қимылдарға дайындалуды” тапсырғанын айтты. Президенттің бұл сөзіне Пентагон басшысы Пит Хегсет жауап берді.

“Нигерияда және кез келген басқа елде кінәсіз христиандарды өлтіру дереу тоқтауы тиіс. Соғыс министрлігі әрекетке дайындалып жатыр. Немесе нигериялық үкімет христиандарды қорғайды, немесе біз осы қорқынышты зұлымдықтарды жасап жүрген ислам террористерін өлтіреміз”, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Нигерия президенті Бола Тинубу өз еліне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

“Нигерияны басқа діндерге төзімсіз ел ретінде сипаттау – біздің ұлттық шындығымызға сай келмейді. Ар-ождан және дін бостандығы мен төзімділік – біздің ұжымдық болмысымыздың басты қағидаттары болып қала береді”, – деп жазды нигериялық лидер X желісінде.

2025 жылдың наурыз айында АҚШ Конгресінің мүшесі Крис Смит Мемлекеттік департаментке Нигерияны ерекше алаңдаушылық тудыратын елдер тізіміне қосуды ұсынған болатын. Ал қазан айының басында Техас штатының республикашыл сенаторы Тед Круз бен Өкілдер палатасының мүшесі Райли Мур нигериялық үкіметті христиандардың жаппай қырғынына көз жұма қарап отыр деп айыптады.

Нигерияның солтүстігінде негізінен мұсылмандар, ал оңтүстігінде христиандар тұрады, екі конфессияның үлесі шамалас.

Елдің солтүстік-шығысында 2009 жылдан бері “Боко Харам” исламистік лаңкестік ұйымы әрекет етіп келеді. Оның әрекеттерінен 35 мыңнан астам адам қаза тауып, 2 миллионнан астам адам ел ішінде босқынға айналған. Ал орталық Нигерияда бақташылар (көбіне мұсылмандар) мен фермерлер (көбіне христиандар) арасында бірнеше рет қақтығыстар болған. Алайда, БАҚ атап өткендей, бұл жанжалдар көбіне жер ресурстарын пайдалану үшін болған.

Назархан Уән
Жексенбі, 02 Қараша, 2025 10:59
Талқылау