"Тозақ қақпасын" жабу: Бердімұхамедов газ кратеріндегі өртті сөндіруді талап етті
Түркіменстан президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов мамандарға "Тозақ қақпасы" деп аталатын газ кратеріндегі өртті сөндіру жолын табуды тапсырды. Бұл туралы ол сенбі күні мемлекеттік телеарнада сөз сөйлеу барысында айтты. Оның сөзінше, Қарақұм шөліндегі өрт "қоршаған орта мен жақын маңда тұратын адамдар өміріне қауіп төндіреді", деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
"Біз халықтың жағдайын жақсартып, пайда таба алатын табиғи қордан айырылып жатырмыз", – деді ол өз сөзінде.
Алғаш рет 2010 жылы Бердімұхамедов мамандардан өртті сөндіру жолын табуды талап еткен. Бұл жолы президент вице-премьер Шахым Әбдрахмановқа шетелдік мамандарды тарта отырып өртті сөндіруді тапсырды.
"Тозақ қақпасындағы" өрт 1971 жылы басталған. Ұңғыма қазу кезінде топырақтың беткі қабаты жер асты үңгірге түсіп, газ толы алып шұңқыр пайда болған. Геологтар уақыт өте сөнеді деген сеніммен газды өртеген. Алайда газ әлі де жануда.
Кратердің ұзындығы 70 метр, тереңдігі 20 метр. Ол Ашхабадтың солтүстігіндегі Қарақұм шөлінде, Дарваза ауылының жанында орналасқан. Кратер Түркіменстандағы туристер келетін негізгі орынға айналды. Ал 2018 жылдан бастап атауы "Қарақұм сәулесі" деп өзгертілген.