Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіретін дронның әрқайсысын 120 миллион теңгеге сатып алмақ
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ведомствоның көпқабатты үйлердегі өртті сөндіруге арналған дронды қайдан және қаншаға сатып алатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Министр мұның пилот жоба екенін атап өтті.
“Дрондар Қазақстанда өндіріледі, қытайлық дрон. Бір дронның құны 120 миллион теңге. Дрон 150 метр биікке көтеріліп, өртті сөндіре алады. Ол өрт сөндіру көлігіне қосылып, өртті сөндіру үшін шлангты қажетінше ұзарта алады. Бұл – біз үшін бірінші тәжірибе. Бұл бағытта әлі де дамимыз. Жобаны Алматы сияқты көпқабатты үйлері бар басқа қалаларда да жүзеге асырамыз”, – деді Шыңғыс Әрінов.
Оның айтуынша, бұл жоба әлемдік тәжірибеден алынды. Сондай-ақ министр өрт сөндірушінің дронды өзі басқаратынын атап өтті.
“Әзірлеуші компания біздің мамандарды оқытады”, – деді министр.
Бұған дейін төтенше жағдай министрлігі төрт ұшақ пен дрон сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлім еткен еді.
Талқылау