Төртеуі көз жұмған: Ақтөбеде коронавирус жұқтырған жүкті әйелдердің саны артқан
Ақтөбеде коронавирустық инфекция жұқтырған төрт жүкті әйел қаза болды. Қазір індетке шалдыққан он екі болашақ ана жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың үшеуінің халі өте ауыр екенін айтады. Ал денсаулық сақтау министрлігі алдағы қараша айынан бастап аяғы ауыр әйелдер мен балаларға Pfizer вакцинасын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлім Қойназарова төртінші баласына аяғы ауыр. Қазір жүктіліктің отызынша аптасында. Елдегі қиын жағдайда індет жұқтырып алудан қорқатын Гүлім емханаға бет алды келе бермейтінін айтады. Тек дәрігерлер өздері шақыртқан уақытында ғана келіп тексеріліп кетеді екен. Оған қоса ол көпшілік жерлерге, той-томалаққа баруды да тоқтатыпты.
“Емханаға жиі келуге қорқамын. Себебі әртүрлі науқастар келіп отырады. Кезекте тұрамыз. Фильтр арқылы кіргеннің өзінде ол кісілердің өздері де кезекте отырады ғой. Сырттан біз білмейміз. Сондықтан қорқамын. Жиі де келмеймін, дәрігерлерді үйге де шақыртпаймын”, – дейді Гүлім Қойназарова.
Қазір Ақтөбе облысында ковид жұқтырған жүкті әйелдердің саны азаймай тұр. Жыл басынан бері осы індеттен төрт әйел көз жұмды. Дәрігерлер тек біреуінің сәбиін ғана аман алып қалған. Қазір коронавирустық инфекциядан жүкті әйелдерді емдейтін ауруханада алпыс әйел ем алып жатыр. Оның он екісі жансақтау бөлімінде.
“Үшеуінің жағдайы өте ауыр. Өте ауыр десе болады. Қалғандарының жағдайы тұрақты ауыр. Келіншектер емханаға бармайды, ПТР-тест тапсырғысы келмейді. "Ауруханаға жатқызып тастайды" деп жүре береді. Үйден емделеді. Өте қиын жағдай сол. Әбден асқындырып, тіпті демала алмай қалған кезде ғана жедел жәрдем шақыртып, бізге келеді”, – дейді Ақтөбе медицина орталығы бас дәрігерінің орынбасары Замза Хайруллина.
Дәрігерлер бала көтерген әйелдердің уақытында қаралып, ПТР тестін тапсырып, мейлінше сақ болып жүрулеріне кеңес береді. Өйткені басында сырқатына мән бермейтін әйелдер кейін ауруханаға өкпелерінің 60-70 пайызын асқындырып келетінін айтады. Жалпы елімізде соңғы жеті айда коронавирустан алпыстан астам жүкті әйел көз жұмған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдер мен балаларға арналған Pfizer вакцинасын алдағы қараша айынан бастап салатындарын айтты.