Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркем қаза тапқан көлік қыздың әкесіне қайтарылды

Қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркем Мелдехан қаза тапқан Volkswagen Passat көлігі қыздың әкесіне қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Азаттық Радиосына” сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Алматыдағы арнайы тұрақта көлік екі жыл сегіз ай тұрған. Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан оқ тиген көлік ескерткіш болып қала береді дейді.

“Мынау есіктің қаңқасы. Ал мынау оқ ұшқан жері. Жақсылап қарасаңыздар мына қалдықтар адамның миының қалдықтары. Миын шашып жіберген. Арттан алдына қарай атылған. Бұл оқ атылмағанда Айкөркем аман қалар еді”, – дейді Айкөркемнің әкесі.

Көлікке 20 шақты оқ атылған. Айкөркемнің әкесі оқ тек дөңгелекке атылған деген нұсқамен келіспейтінін айтты.


Қаңтар оқиғасы кезінде өлтірілген Айкөркемнің әкесіне “жалған ақпарат таратқаны үшін” айыппұл салынды


"Біздің көлік оққа ұшқан. Билік тек дөңгелектен аттық деп жатыр. Дөңгелектің төңірегінде оқ атылған жер жоқ. Оқ алдыңғы әйнекке, көліктің алдына және артқы есіктерге тиген оқ. Ішінде адам отырады ау деген жерлерге арнайы оқ атқан. Көліктің ішіндегі адамның барлығын өлтіру мақсаттары болған. Өйткені адам отыратын жерлерге атылған. Алдыңғы әйнекте үш оқ, көліктің алдында төрт оқтың ізі тұр. Артқы есікке сегіз оқ. Кіші қызым Айкөркем артқы орынның ортасында отырған. Үлкен қызым Жанэль алдында отырған”, – дейді Айдос Мелдехан.

Ал Айкөркемнің өліміне кінәлі деп табылған әскери қызметкер Арман Жұман тіпті ол көлікті көрмегенін айтады.

"Иа, өкінішті жағдай. Өзімнің де екі қарындасым бар. Мен ол қызды көрген болсам, атуға бұйрық бермейтін едім. Менің адамның жанын алуға қақым жоқ. Кім кінәлі екенін білмеймін. Айкөркем отырған көлікті көрген жоқпын. Көрмеген көлікке қалай бұйрық беремін”, – деді Арман Жұман.

Еске салсақ, бұған дейін 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты іс бойынша ақталып шыққан әскери қызметкер қайта сотталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Тамыз, 2024 20:42