Фонограммасыз концерт берген Төреғалидың дауысы шықпай қалды (фото, видео)
Зәулім сарайда бұрын-соңды болмаған шоу жасап, 5 күн қатарынан концерт берген Төреғали соңғы кешке келген тыңдармандарға жайсыз хабарды жеткізді. Жанды дауыста ән салған серінің тамағына зақым келіп, дауысы мүлдем шықпай қалған. Алайда, ел алдында есеп берген әнші, тығырықтан шығар жолды таба білгенін айтады. Ал, аталмыш кешке қатысып қайтқан Stan.kz тілшісі эксклюзивті материалды назарларыңызға ұсынады.
«Құрметті ағайын, бір нәрсе айтайын. Осы уақытқа дейін дауыстың жоғалып кетуі менде болмаған. 3 пен 4-ші концертке келген кезде тамағым ауырып, дауысым мүлдем шықпай қалды. Содан кейін арнайы ем қабылдап, тамақ желбезегімді емдетіп келіп отырмын. Құдай күш-қуат беріп, алдарыңызға қайта шығып отырған жайым бар», – деп ағынан жарылған Төреғали, келеңсіз жайтты концерттің 5-ші күнінде айтты.
Абырой болғанда бәрі ойдағыдай өтті. Ал, 5-ші күннің шарықтау шегі кеш соңында болды. Өйткені, «Айхай 25» әнін Алтынбек Қоразбаев, Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков және Төреғали қосыла шырқап, дүйім жұрттың ықыласына бөленген. Сонымен қатар, үш буынның басын біріктірген кеште әннің мәтіні өзгертіліп жазылған екен.
«Біз енді қырықтан асып бара жатқан жігіттерміз. Алтынбек көкеміз 70-ке жақындап қалған кезі. Осының бәрін санындағы ғой мәселе. Сондықтан, біз бұл әнде 25-ке қызығып, өткен шақты еске алып жыламсырап тұрып айтатын сәттер бар бұл әнде. Бұл әнді болашақта талай әншілер орындайды деген үміттеміз. Жігітке жарасып тұрған ән ғой», – дейді айхай жасын сағына еске алған Тоқтар Серіков.
Сонымен қатар, «Айхай 25» әнінің сазын жазған Алтынбек Қоразбаев бұл кеште Төрешті тосын сыймен қуантты. Композитор, 25 жасқа келген әнші жігітке қазақтың қара домбырасын тарту етіп, авторлық әндері жинақталған кітапты естелік ретінде табыс етті.
«Сен қазір қазақ эстрада жұлдыздарының арасында жарқырап тұрған жұлдызысың, айналайын. Саған үлкен батамды бердім. Халқыңның, еліңнің алдында әрдайым әндерің самғап тұрсын. Жұлдыз туар, бірақ жұлдыз ауруымен ауырма айналайын», – деп Алтынбек Қоразбаев өз батасын берді.
Айта кетейік, 5 концерттің соңғы күні Төреғалидың туған күнімен тұспа-тұс келген. Әншінің меншікті мерекесіне жоба ұйымдастырушылары «25» санының суреті бейнеленген көлемді тортты әзірлеп, Ұлы дала баласы қуанышты күнін халықтың ортасында атап өтті.
Жіберіп алмаңыз:
Гүлзира Айдарбекова Қайраттың енесі жайлы айтып берді
Жұлдыз Әбдікерімованың әкесі алғаш рет қызының өмірі жайлы сұхбат берді