Қостанай облысында әскерилер студенттерді емтихан тапсырып жатқанда кіріп келіп, алып кеткен
Фото: Видеодан скрин
Желіде Қостанай құрылыс колледжінде әскери комиссариат қызметкерлері студенттер емтихан тапсырып жатқан кезде кабинетке кіріп келген. Сосын жігіттерді топ-тобымен алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлардан кабинетте компьютер алдында емтихан тапсырып отырған 3-4 жігітті байқауға болады. Оларға әскери қызметкерлер, "Емтиханды аяқтадыңдар ма? Тездетіңдер, уақытымызды босқа алып жатырсыңдар. Тез кеттік, жүріңдер" дейді. Студенттердің бірінің анасы әскерилерге қарсылық білдіріп, шақыру қағазын берсе, өзі жеке алып баратынын айтты. Дегенмен әскерилер соңында студенттердің бәрін автобусқа салып әкеткен.
Студенттердің бірінің анасы баласының 30 маусымға дейін оқитынын, әлі тапсыратын емтихандары барын айтты.
"Бүгін баламды емтиханға жібердім. 30 маусымға дейін олар колледжде оқиды, әлі студент. 17 маусымда әлі екінші емтиханын тапсырады. Дегенмен әскерилер 3-курс оқитын жігіттерді топ-тобымен алып кетті", – дейді ол.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қостанай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Олардың мәліметінше, 16 маусымда колледж әкімдігімен келісіп, студенттерге әскери борышын өтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
"16 маусымда әскери борышын өтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары аясында 2025 жылы мектеп бітірушілермен кездесу ұйымдастырылды. Оқу бағдарламасын аяқтаған және кейінге қалдыру мерзімі жоқ студенттер медициналық тексеруден және психологиялық тестілеуден өту үшін облыстық әскери комиссариатқа шақырылды. Ешбір студент күшпен немесе түсініктемесіз ұсталған жоқ. Ата-аналар мен мұғалімдердің алаңдаушылығын түсінеміз. Сондықтан оқу орнында қосымша түсіндірмелер жүргізілді. Ата-аналардың көбі қызмет туралы жан-жақты ақпаратты тыңдап, ұлдарын әскери қызметке жіберуге келісімін берді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ департамент заң нормалары, студенттердің оқуын аяқтағанға дейін кейінге қалдыру құқығы қатаң сақталатынын айтты.
"30 маусымға дейін белсенді оқу процесінде болған студенттер оқуы аяқталғанға дейін мерзімді әскери қызметке шақырылмайды. Әрбір даулы іс бойынша жеке тексеру жүргізіледі", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 6 маусым күні кешкі сағат 22:00 шамасында Қостанайда жұмысынан қайтып келе жатқан жігітке азаматтық киімдегі үш адам жақындап, оны әскери комиссариатқа күштеп алып кетпек болған. Куәгерлердің айтуынша, олар өздерін таныстырмаған, жігітті заңгерінің келуін күтпей, күш қолданып әкетіп, қызметкерлерге балағат сөздер айтқан. Оқиғаға байланысты Қостанай облысы полиция департаменті қызметтік тергеу тағайындағанын мәлімдеді. Тергеу нәтижесінде полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілмек.

"Ер актерлерге әйелдерге қарағанда көбірек төлейді": Отандық кино жұлдыздарының гонорары қанша
