Қазақстанда "9-20-25" ипотекасының пайыздық мөлшерлемесін және бастапқы жарнасын төмендету ұсынылды
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаты Наурыз Сайлаубай бүгінде еліміздің тұрғын үй нарығында бағдарламалардың түрі мен ипотекалық жүйенің көптігінен жұрт шатасып жатқанын айтты. Оның айтуынша, адам түсінбейтін бағдарламалардың тағы бірі – "Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы". Осы мәселе бойынша ол премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
"Атынан ат үркетін бұл бағдарлама бұрынғы "Нұрлы жер" бағдарламасының орнына шыққан жаңасы болып отыр. Ең қызығы атауын өзгерте салған заты сол бәз баяғы қалпы. Бәз баяғы дейтінім ішкі құрылымдық ережелері 2-10-20 – бұрынғы "Бақытты отбасы" бағдарламасы, ал 5-10-20 – баяғы "Шаңырақ" бағдарламасы екеніне ережелерді саралай келе көз жеткіздік. Әйтсе де, бұл жобалар қалың көпшілікке емес, тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрған жандарға ғана арналған", – деді депутат Наурыз Сайлаубай.
Елімізде тұрғынүй нарығын дамытуға байланысты сан түрлі жобалар жасағанымызбен кей өңірде кейінгі екі жылда бір де бір құрылыс нысаны салынбапты. Тіпті жүзеге асып жатқан бағдарлама да жоқ деді депутат.
"Неге десеңіз, бұл бағдарлама аясында тек әкімшілік ұсынған жаңа үйден ғана баспана алуға болады. Ал ондай арзан үйлерді салу үшін қаржы керек екені анық. Салынып жатқан нысан жоқ болғандықтан үй кезегі жылдар өтсе де жылжымайды. Яғни, бағдарлама іске асып жатқан жоқ деген сөз. Тағы бір айта кететіні "Отау" мен "Наурыз" бағдарламалары арқылы биыл мемлекет қазынасынан 250 миллиард теңге бөлінгенін білеміз. Бұл бағдарламалар арқылы өткен азаматтар ереженің қисынсыздығынан қиналып басын тауға да тасқа да соғады", – деді ол.
Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, төлем қабілетін растау, алғашқы жарна және айлық төлеммен бірге жаңа пәтерге жөндеу жұмыстарын жасауға қаражат таппай тарығып жатыр.
"Себебі елдің қолында осындай қажеттілікке жұмсайтын артық ақшасы жоқ. Оны мойындауымыз керек. Мәселен, 2024 жылдың 2 тоқсанындағы есеп бойынша орташа айлық көлемі 403 251 теңге ал медианалық жалақы бағалау бойынша 278 296 теңге болып отыр. Енді санап көрсек, орташа жалақы алатын азаматтар ипотекалық несиеге айлығының 70 пайызын жұмсайды екен. Ал төмен жалақы алатын, яғни 278 296 теңге не одан да төмен айлыққа күн көріп отырған отандастарымыз бұл бағдарламаларға тіпті мүлдем қатыса алмайды. Қатысқан жағдайда 20% алғашқы жарнасын жинауға келгенде салы суға кетеді. Жағдай өте қиын. Үлкен мегаполистеріміздің өзінде 1 не 2 бөлмелі пәтер алу үшін төленетін алғашқы жарна 7 миллион теңгеден асып түседі екен. Мұндай қаржы бүгінде әр отандасымыздың қалтасында жүрмегені айтпаса да түсінікті", – деді Наурыз Сайлаубай.
Осы ретте депутат келешекте Отбасы банк арқылы жүзеге асырылатын "9-20-25" бағдарламасына жылына 150 миллиард теңге бөлу жоспарланғандықтан алғашқы жарнасын 20%-дан 10%-ға азайту керек деп ұсыныс тастады.
"Соған байланысты пайыздық мөлшерлемені 8% төмендетсек, халыққа шынымен тиімдірек болады. Болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай Республикадағы халық саны 27 миллионнан асады деп отырмыз. Халықтың үлесі оңтүстік өңірлерде көп болмақ. Ал солтүстік және шығыс өңірлерде керісінше халық саны төмендей бермек. Осы тұста көршілес Ресей еліндегі секілді, 2 пайыздық "Дальневосточная ипотека" бағдарламасы сынды жобаны жүзеге асыру аса маңызды. Мысалы бізде де елдің ең шалғайдағы нүктесіне барғаны үшін қосымша қолдаулармен бірге төменгі 2 пайыздық мөлшерлемемен үй алуға қарыз беру қажет", – деп түйіндеді депутат Наурыз Сайлаубай.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақстанның құрылысшылар одағы" баспананың алғашқы жарнасын 20%-дан 10%-ға төмендетуді ұсынды. Пікірлерінше, тұрғын үй кезегін жылжытып, пәтер мәселесін шешу үшін талаптарды жеңілдеткен жөн. Алғашқы жарнаны 10% төмендетіп, қажет депозитті 500 мың теңге деп бекіту керек. Ставка 2-5% аралығында белгіленуі шарт. Сонымен қатар олар мемлекет сатып алу құқымен жалға берілетін пәтерлер үшін құрылыс компанияларына 60 мың артығырақ төлегенін қалайды. Демек шаршы метрін 320 мың деп емес, 380 мыңға бағалауын сұрайды.