"700 миллион теңгені бопсалаушылар алып қойды": Сотталған Толқын Тотақанова күйеуінің әділетсіз түрмеде отырғанын айтып, әділдікті талап етті
Фото: https://www.instagram.com/tolkyn.totakanova
Баласының еміне жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталып, сотталған Толқын Тотақанова әлеуметтік желідегі парақшасында күйеуінің түрмеге әділетсіз тоғытылғанын айтып, эмоцияға толы видеоүндеу жариялады . Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Толқын Тотақанова ұлын шынымен де Түркияда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Ресейде емдеткенін жазған. Ал ол емге 6 миллион теңге емес, шамамен 160 миллион теңге жұмсалған.
Ол сондай-ақ өзінің де бопсалаудың құрбаны болғанын мәлімдеді.
“Мені Зарлыханова Жадыра, Сұлтанов Алмат және Сұлтанов Болатбек бопсалап келді. Олар ауыр халдегі баламды емдеуге жиналған барлық ақшаны алып қойды. Бес жыл бойы мен тұрақты қорқынышта өмір сүрдім. Олар мені өлтіреміз, жазалаймыз деп қорқытты”, – деді ол.
Оның сөзінше, олар ұлының еміне 45 миллион теңге жұмсаған, ал тағы 700 миллион теңгеден астам қаржы өзін бопсалаушылар алып отырған. Ана бұл ақпараттың аудиторлық тексеріс пен іс материалдарымен расталғанын алға тартты.
Толқын Тотақанова бүгінде өзі мен күйеуінің әділетсіз сотталғанын, ал шын мәнінде олардың қайғысын пайдаланып, пайда тапқандар көзге ілінбей отырғанын айтып, әділдікті талап етті.
“Олар бостандықта. Ал күйеуім әділетсіз түрде жауапқа тартылып отыр. Неліктен бұл адамдарға ешкім тиіспейді? Олардың артында кім тұр? Біз тек шындық пен әділдікті қалаймыз. Ұлымыздың аман қалғанын, оның емі жалғасқанын және бұдан былай бірде-бір бала мен бірде-бір отбасы мұндай қауіп пен қасіретке тап болмаса екен дейміз”, – деді ол.
Денсаулығым сыр берді
Толқын Тотақанова бопсалаушылардың кесірінен денсаулығының нашарлағанын айтты.
“Менде ауыр экзема басталып, шашым түсе бастады. Оған физикалық тұрғыда шыдау мүмкін болмағандықтан, күн сайын басымды қырып жүруге мәжбүр болдым”, – деді ол.
Оның айтуынша, бес жыл бойы ауыр науқас баласысын күтіп, оған қоса қысымға шыдап келген.
“Зарлыханова Жадыра мен Султанов Алмат бізден барлық ақшаны, тыныштықты, қауіпсіздік сезімін тартып алды. Басымнан өткен жағдайлардың салдарын жасыру үшін хиджаб тағуға мәжбүр болдым.
Күн сайын оянғанда ойымда бір ғана нәрсе болатын – ұлымды қалай құтқару және ертеңге қалай жету”, – деді ол.
Ол әділдікке қол жеткізіп, күйеуінің бостандыққа шығуын қалайды.
“Қарапайым екі бөлмелі пәтеріміз ғана бар”
Сондай-ақ Тотақанова ешқандай элиталық пәтерлер, қымбат көліктер мен брендті киімдер жоқ екенін жазды. Оның сөзінше, оларда тек банкте кепілде тұрған қарапайым екі бөлмелі пәтер бар.
“Тергеу бізде үш пәтер мен бес автокөлік бар деп жазады. Ендеше олар қайда? Неге ешқайсысы сотта көрсетілмеді, тәркіленбеді, құжаттары ұсынылмады? Себебі ондай пәтерлер мен көліктер мүлде жоқ. Тіпті соттың өзінде пәтерді тәркілеу қарастырылмағаны айтылды, өйткені онда үлкен отбасы тұрады. Мұндай жағдайда кімге сенуге болады?” – деп жазды ол.
Еске салайық, былтыр шілде айында Қаржы мониторингі агенттігі ерлі-зайыптыға қатысты тергеу басталғанын хабарлаған еді. Агенттіктің дерегінше, жұбайлар өздерінің ұлын емдеу үшін қазақстандықтардан шамамен 1,3 миллиард теңге жинаған. Агенттік олардың жинаған қаражаттың көп бөлігін жеке мақсаттарына пайдаланған деп санайды. Ерлі-зайыптыға қатысты тергеу 2025 жылы шілденің 29 күні аяқталды.
Биыл 9 қаңтарда ерлі-зайыптының соты аяқталып, сот үкімді жариялады.
Толқын Тотақанова жеті жылға бас бостандығынан айырылды, қайырымдылық қорына қаражат жинауға 10 жылға тыйым салынды. Алайда баласының кішкентай болуына байланысты оның жазасы екі жылға кейінге қалдырылды.
Күйеуі Дәулет Тотақановтың мүлкі тәркіленіп, қайырымдылық қорына қаражат жинауға 10 жылға тыйым салынды. Ол орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады