Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

“Мен бұны бұлай қалдырмаймын”: Оралда тоққа түсіп, көз жұмған баланың анасы оқиғаның қалай болғанын айтты

Видеодан скрин

Оралда тоқ соғып, көз жұмған баланың анасы қайғылы жағдай туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой Город” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

30 сәуір күні кешкісін Исатай-Махамбет көшесіндегі №82 үйдің маңында қайғылы жағдай орын алды. Куәгерлердің айтуынша, баланың добы электр сымдарына ілініп қалған. Ол добын алмақ болып электр қосалқы станциясының шатырына шыққан. Артынша баланы тоқ соққан. Бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың денесінің 95 пайызы күйіп, төртінші дәрежелі күйік алған. Дәрігерлер жағдайын аса ауыр деп бағалаған. 1 мамыр күні бала көз жұмды. Полиция бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

9 жастағы Ануар Рахимовтың анасы Тұрсынгүл Бисекенова болған оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді. Ол 30 сәуір күні баласын мектептен алып келгенін, тамақ ішіп, киімін ауыстырған соң, баласы көшеге ойнауға шыққанын айтты.

"Сағат 19:00-де шықты, ал 19:20-да үлкен ұлыма достары телефон шалып, "інің құлап қалды, жедел жәрдем шақырылды" деп хабарлаған. Құлады деп ойладық, бірақ бұлай болады деп ешкім күтпеді. Бәріміз далаға жүгіріп шықтық. Балам жерде жатты. денесі жалаңаш, түгелдей күйіп кеткен. Сау жері қалмаған. Бірақ ол кезде әлі тірі еді", – дейді баланың анасы.

Анасының айтуынша, Ануар достарымен бірге футбол ойнап жүрген. Доп электр қосалқы станциясының шатырына түсіп кеткен.

"Балам сол қосалқы станция жанындағы ағашқа сүйеніп, жанында тұрған ағаш тақтай арқылы шатырға шыққан. Допты теуіп жерге түсірген. Шатырдан емес, екінші жағынан түспек болған. 10 мың вольттық тоқ өтетін жерге аяғы ілініп, тоққа жалғанған тросты ұстап қалған. Қасында болған балалар айқайлап, көмекке шақырған. Артынша өрт шығып, балам күйіп қалған", – дейді Тұрсынгүл Бисекенова.

Алғашқылардың бірі болып көмекке бір ер адам оны жерге түсіріп, киімдерін шешуге тырысқан.

"Бүкіл денесі қара күйе болды. Далаға жүгіріп шықтым, өз баламды тани алмадым. Жанұшыра тек көмек көрсетуді, ауруханаға жеткізуді сұрадым", – дейді анасы.

Дәрігерлер оның өмірі үшін екі күн күрескен. Бірінші күні оның оң қолы мен оң аяғын кесуге тура келген. Ал екінші күні кешкі сағат 22:30-да бала көз жұмды.

Анасының айтуынша, көпқабатты үйдің айналасында қауіпсіздік ережелері сақтамағанын айтты.

"Үйдің алдында бұрын ойын алаңы болған. Ересектеу балалар ол жерде ойнай алмайды. Өйткені алаңша тек кішкентай балаларға арналған. Ал үлкенірек балаларға ойнайтын жер жоқ. Олар үйдің артында, қоқыс жәшіктерінің жанында, қолдан жасалған қақпалармен футбол ойнайды. Ол жер қоршалуы керек еді. Тым болмаса төрт метрлік тор орнатып қою керек болатын. Немесе қосалқы станцияны қоршау керек еді", – деді баланың анасы.

Тұрсынгүл Бисекенова мемлекеттік органдардың немқұрайлылығына ашулы.

"Мемлекеттік органдар қайда қарап отыр? "Горсвет" қайда? ТЖ қызметі қайда? Жанында тұрған ағаштың үстінде сымдар ілініп тұр. Найзағай түссе, бүкіл үй жанып кетуі мүмкін. Мен бұны жайына қалдырмаймын. Біреу бұл үшін жауап беруі керек. Біз салық төлейміз, КСК-ға ақша төлейміз. Бұл ағашты кесіп тастау керек еді. Бәріне бәрібір", – дейді Тұрсынгүл Бисекенова.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда көпқабатты үйдің ауласында 9 жасар бала тоққа түсіп, көз жұмғанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Жұма, 02 Мамыр, 2025 18:32
Талқылау