Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқаевтың айналасында да Путиннің жақтастары бар": Шораев Украинадағы соғыстан кейін Қазақстанның қалай өзгергенін айтты

"Тоқаевтың төңірегіндегілердің арасында да Путиннің жақтастары бар". Бұл пікірді Украинаның 24 Канал арнасына сұхбат берген қазақстандық қоғам белсендісі Арман Шораев айтты. Ол қазіргі Қазақстанды 2014 жылғы Украинаның жағдайымен салыстырды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Токаев путин 2

Қазақстанның Украина секілді Ресейдің нысанасына айналуы мүмкін екенін атап өткен Шораев украиндардың Путиннің жоспарын өзгертіп жібергенін жеткізген. Ол Қазақстанның шекарасы Путиннің басқыншылығына төтеп бере алмайтынын баса айтады.

Шораев сондай-ақ қазіргі Қазақстанды 2014 жылғы Украинаның жағдайымен салыстырады. 

"Біздің биліктің ішінде Кремль мен ФСБ агенттері толы. Тіпті Тоқаевтың төңірегіндегілер арасында да жасырынып жүрген Путиннің жақтастары бар. Менің ойымша, биыл билік басты құндылықтарды қайта ой елегінен өткізді деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан халқының 85 пайызы Украинаны қолдайтыны белгілі болды", - дейді Шораев.

Қазақстандық журналист Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа да тоқталды. Ол Путиннің ойға алған жоспарының құрдымға кеткеніне сенімді.

"ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) да ыдырай бастады. Өйткені Әзірбайжан өзіне тиесілі Қарабахты қайтарып алғанда Арменияға Ресей де, ҰҚШҰ-да көмектескен жоқ және көмектеспейді де. Менің ойымша, Путиннің ойлаған жоспарының барлығы құрдымға кетті. Мобилизация да, басқа ұйымдар да енді оған көмектеспейді. Ол жападан жалғыз қалды", - дейді ол.



Шораевтың айтуынша, Украинаны қолдағанына қарамастан Қазақстан билігі Ресеймен ығына жығылуға мәжбүр, себебі екі ел арасында КСРО кезеңінен қалып қойған экономикалық байланыстар бар. Мысалы, Қазақстанның мұнай жолдарының 90 пайызы Новороссийск порты арқылы айдалады. Егер мемлекет одан айырылып қалса, бұл экономикалық апатқа айналады, дейді ол.

"15 маусымда Путиннің жанында отырып сөйлеген сөзінде ол (Тоқаев – ред.) "ДНР" мен "ЛНР" елдерін мойындамайтынын және Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспейтінін мәлімдеді. Шынымен де бұл – айқын көшбасшының мәлімдемесі. Алайда алда не болатыны белгісіз", - дейді қоғам белсендісі.

Шораев Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысқа да тоқталып өтті. Аспан асты елінің билігі соғыс емес бейбітшілікті таңдайтынын айтқан ол Ресейге санкция қаншалықты көп салынса Қазақстан мен Қытайдың байланысы соған қарай нығая түсетінін жеткізді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға сапары барысында билікке ескерту жасады, дейді Шораев. Бұл әсіресе елдің Ресейге санкцияны айналып өтуіне көмектесетіні туралы.

"Блинкеннің сапарынан кейін біз көмек қолын созуды жалғастыра беретін болсақ, дәл осындай санкцияларға ұшырауымыз мүмкін екені белгілі болды", - дейді Арман Шораев.

Талқылау