Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілеттілігін кеңейтті

Тоқаев қол қойдыФото: Ақорда

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік комитетінің қаржылық мониторинг және мемлекеттік резервтерді басқару саласындағы өкілеттілігін кеңейтті. Жарлыққа сәйкес енді комитет заңсыз табыстарды бақылау, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау және мобилизациялық резервтерді тиімді басқару саласында жаңа құқықтарға ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорданың мәліметінше, президент 9 желтоқсанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметін жақсарту мақсатында 1996 жылғы № 2922 жарлыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Жаңартылған ережеге сәйкес ұлттық қауіпсіздік қызметі енді қаржылық мониторинг саласында уәкілетті органдарға заңсыз жолмен алынған табыстарды легализациялауға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қарулардың таралуына қарсы ақпарат беретін болады.

"Сонымен қатар комитет мемлекеттік және мобилизациялық резервтерді басқару саласында да өз өкілеттілігін кеңейтеді. ҰҚК материалдық құндылықтарды сақтау номенклатурасы мен көлемі бойынша ұсыныстар енгізіп, резервтен құндылықтарды шығару, оларды сақтау және тасымалдауды ұйымдастыру сияқты мәселелерді шешетін болады. Комитет резервтерді қалыптастыру және сақтау шығындары бойынша үкіметке ұсыныстар дайындайды", – делінген құжатта.

Көптеген жаңа ережелер қол қойылған күннен бастап, яғни 9 желтоқсаннан күшіне енеді. Ал материалдық резервтермен байланысты нақты жұмыстарға қатысты кейбір тармақтар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.


Тоқаев бірқатар елшілерді жаңа қызметке тағайындады


Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-дан кетті: Жаңа бас хатшының есімі белгілі болды


Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылғанын жазған едік. Қайта ұйымдастырылған агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, құқық бұзушылықтарды азайту және сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру функцияларын Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне береді. Жаңа құрылым ҰҚК-ның құрамына енді және президентке тікелей бағынатын мемлекеттік органдар тізімінен алынып тасталды. Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Айым Атамбаева
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 12:50