Тоқаев Вашингтонда халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптармен танысты
Фото: arkoda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, президентке еліміздің алғашқы "сыңармүйіз" стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да жобалар таныстырылған.
Кездесуге жалпы құны 1,4 миллиард долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкілі қатысқан.
Фото: akorda.kz
Тоқаев жоғары технология саласындағы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.
“Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифрландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі саналады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым”, – деді президент.
Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Трамппен кездесу үшін АҚШ-қа барғаны туралы жазған едік. Сапар аясында Тоқаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен және Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдерімен кездесті. Кездесу соңында Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар бойынша меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуі Астана уақытымен сағат 04:00-де өтеді жоспарланған.