Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркия билігі Анкарадағы терактіге күрдтерді кінәлады

Анкарадағы терактінің салдарынан 22 адам жараланып, 5 адам мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркияның ішкі істер министрі Али Эрликая террорлық акт салдарынан қаза тапқандар саны беске жеткенін айтты. Жараланғандардың жалпы саны 22 адам, оның үшеуі ауруханадан шығарылды.

Оның сөзінше, бұл шабуылға елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының қатысы бар. БРИКС саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған оқиғаны "аяусыз шабуыл" деп атады.

Шабуылдаушылар кәсіпорынға күзет ауысымы кезінде келген. Олар жарылғыш затты іске қосып, содан кейін атыс басталды.

TUSAŞ бас кеңсесінің қызметкерлері шұғыл түрде баспаналарға эвакуациялануға мәжбүр болды.

Түркия ұлттық қорғаныс министрлігі Сирия мен Ирактың солтүстігіне әуе операциясын жүргізді.

"23 қазанда Ирак пен Сирияның солтүстігіндегі лаңкестік нысандарға әуе операциясы жүргізілді. 32 нысан жойылды", – делінген құжат мәтінінде.

Әуе күштері Күрдістан жұмысшы партиясының (Түркияда тыйым салынған) және басқа да топтарды бейтараптандыруға, азаматтар мен қауіпсіздік күштеріне қарсы лаңкестік шабуылдардың алдын алуға және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеді.

Әуе шабуылдары кезінде көптеген түрік қаруы қолданылғаны, бұл нысандардың жойылуына әкелгені көрсетілген.

"Бұл операцияларда бейбіт тұрғындарға, достық күштерге, сондай-ақ тарихи-мәдени құндылықтарға және қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін барлық шаралар қабылданды", – делінген хабарламада.

Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкара маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.

“Суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ мерт болған азаматтардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннәтта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін”, – деп жазылған жеделхатта.

Еске салсақ, Түркия астанасы Анкарада теракт болған еді. 

Талқылау