Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев төтенше жағдайлар кезінде жанын салған құтқарушыларды орденмен марапаттады

құтқарушыларды марапаттауФото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. 

"Конституциямыздың алғашқы бабында "Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы" екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етіп жатыр. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге", – деді Тоқаев.

Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін айтты. 

"Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы, құтқарушыларымыз соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби деңгейі жоғары озық маман екенін дәлелдеді. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделін арттыруға атсалысты. Осы орайда бүгін мен еліміздегі барлық құтқарушыларға тағы да зор алғысымды айтамын", – деді президент.

Осылай ыстық ықыласын білдірген президент құтқарушыларға марапаттарды табыстады. 

1. Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталсын:

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі "Айбын" орденімен

Әзімбаев Шынболат Берікұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының жедел кезекшісі. Ол азаматтық қорғау органында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Қызмет бабында талай рет алапат өртті өшіруге қатысты. Мысалы, биыл 7 қыркүйекте ол "Астана" шағын ауданындағы өртенген тұрғын үйден 20 адамды эвакуациялады, сондай-ақ құлыптаулы пәтерден үш баланы алып шықты. Оның жетекшілігімен "Жамбыл Полимер" зауыты аумағындағы өрт оқшауланып, басқа өндіріс орындарына жайылуына жол берілмеді. Өйткені онда жойқын жарылысқа себеп болатын газ баллондары бар еді. Шынболат Әзімбаевтың 2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан болған өртті өшіруге және апат салдарын жоюға атсалысқанын атап өткен жөн.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен

Мергасимов Әзімхан Айдарханұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылжар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы.

марапатФото: Ақорда баспасөз қызметі

Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен

Көбетаев Руслан Рүстемұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі.

"Құрмет" орденімен

Елеуов Ерлан Мұратұлы – Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" РММ Беген филиалы Дөңгелек орманшылығының тракторшысы;

Жұмағалиев Арыстан Әуезұлы – "Семсер-Өрт сөндіруші" ЖШС Ақтөбе филиалының № 4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;

Көбенов Әділбек Жұмабайұлы – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС "Ақ Берен" Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры;

Қуаналиев Амангелді Құрмашұлы – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС "Ақ Берен" Атырау облысы филиалының директоры;

Мұхамбетжанов Сайлау Жұмағұлұлы – Ұлытау облысы "Жаңаарқа ауданы әкімінің аппараты" ММ Түгіскен ауылының ерікті өртке қарсы құралымының өрт сөндірушісі.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

"Ерлігі үшін" медалімен

Ахмедов Амиран Сулейманович – Алматы қаласы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының "Алматы қаласының құтқару қызметі" МКК құтқарушысы;

Ахметжанов Серікбай Барлыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі "Апаттар медицинасы орталығы" ММ Астана қаласы бойынша филиалының фельдшері;

Бухал Андрей Анатольевич – Төтенше жағдайлар министрлігі "Қазавиақұтқару" АҚ ұшқышы-нұсқаушысы;

Демежанов Жанат Қадылбекұлы – "ESK protection" ЖШС өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, Алматы қаласы;

Жаңғақов Серік Қожахметұлы – Алматы қаласы Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының "Алматы қаласының құтқару қызметі" МКК құтқарушысы;

Жолжақсынов Нұржан Тұрсынбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы;

Көбенов Тимур Қорғанбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі "Апаттар медицинасы орталығы" ММ Шымкент қаласы бойынша филиалы "Қазығұрт" трассалық медициналық-құтқару пунктінің фельдшері;

Максимов Игорь Владимирович – Төтенше жағдайлар министрлігі "Республикалық жедел-құтқару жасағы" ММ бас құтқарушы-маманы;

Молдажанов Марат Зайзуллинұлы – Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" РММ Бесқарағай филиалы өрт сөндіру станциясының жұмысшысы;

Павел Евгения Николаевна – "Волонтерское движение LIDER.KZ" ҚБ басшысы, Абай облысы;

Сәрсенғали Қанат Ғабдоллаұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;

Сейітжанов Жәнібек Ермекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Есіл ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі № 23 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;

Скопин Артём Алексеевич – "Алматы қаласының альпинизм федерациясы" ҚБ басшысы.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

"Ерен еңбегі үшін" медалімен

Бекбаулова Ержан Мұқатайқызы – Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы;

Бердашев Замир Амангельдинович – "Семсер-Өрт сөндіруші" ЖШС Орал филиалының директоры, Батыс Қазақстан облысы;

Жаймағамбетов Сырым Бисенбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары;

Мыскин Павел Анатольевич – "Алматы қаласының метрополитені" КМК әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің бастығы;

Прошкина Ирина Ивановна – Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті "Резерв" РМК "Заря" филиалының құйып-алушысы;

Силинский Геннадий Юрьевич – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды облысы филиалы директорының орынбасары;

Смамбаев Сұлтан Балтаұлы – "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ "Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы" филиалының Қостанай мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің бастығы;

Сүлейменов Аманжол Әуелнұрұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі "Қазселденқорғау" ММ "Іле Алатау аумақтық пайдалану техникалық басқармасы" филиалы Есік өндірістік-пайдалану бөлімінің басшысы;

Тобағабылов Әбдірахман Бақытжанұлы – "Серіктес" авариялық-құтқару қызметі" ЖШС бас директоры, Қарағанды облысы.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 17 Қазан, 2025 13:55
Талқылау