"Өткенмен өмір сүрмеуіміз керек": Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу үшін "АЛЖИР" саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды.
Мемлекет басшысы боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
"Біз жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз. Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды”, – деді Тоқаев.
Сөзінше, сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды.
Фото: Ақорда
Ол саяси қуғын құрбандарын тағзым ету үшін жасалған шаралар туралы айтты.
“5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшы мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды”, – деді ол.
Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.
Сондай-ақ президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ олардың туыстарының, соның ішінде әйелдерінің есімдерін ұмытпауымыз керегін атап өтті. Бірақ өткен күн қаншалықты қасіретті болса да, халқымыздың дамуы мен ілгерілеуіне кедергі болмауы керек дейді.
"Біз заманауи шындықты өткен дәуір призмасы арқылы қабылдап, өткенмен өмір сүрмеуіміз керек. Бізге тарихқа кең, панорамалық көзқарас қажет. Біз өзімізді құрбандар кешенінен босатуымыз керек, өйткені үнемі артқа қарау – әлсіздіктің белгісі", – деді Тоқаев.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
