Тоқаев "Росатом" салатын АЭС-ке атау беру үшін байқау жариялауды ұсынды
Фото: Ru.freepik.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында “Росатом” салатын алғашқы атом электр станциясына атау беру үшін байқау жариялауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Жуырда станция құрылысы ресми түрде басталды. АЭС – бұл жай ғана энергетикалық нысан емес, ол ғылыми-техникалық прогрестің айқын символы. Қазір бұл нысанның атауы жоқ. Ол еліміздегі алғашқы станция болғандықтан, үздік атау таңдау үшін ұлттық деңгейде конкурс жариялауға болады деп санаймын”, – деді Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздары балалармен кездесуде.
Елдегі және Орталық Азиядағы алғашқы АЭС-ті Ресейдің мемлекеттік “Росатом” корпорациясы салады. Қазақстан атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен “Росатом” бас директоры Алексей Лихачёв 8 тамызда символдық түймені басты. Нысан аумағында капсула салынды.
Мәскеудің санкциялар салдарынан ұзақмерзімді міндеттемелерін орындауға қауқарсыз болуы мүмкін деген алаңдаушылық та болды. Шілде айында Түркияда “Росатом” салып жатқан “Аккую” АЭС құрылыс алаңында жалақының кешіктірілуіне байланысты ереуіл болған. “Росатом” жалақы төлеудегі кідірістерге “дос емес елдердің әрекеттері себеп болды” деп мәлімдеді.
Билік өкілдерінің айтуынша, Қазақстандағы екінші және үшінші АЭС-ті Қытайдың CNNC компаниясы салады. Бақылаушылар бұл станциялар “Росатом” салып жатқан станцияға қарағанда тезірек пайдалануға беріліп, арзан болуы мүмкін екенін болжады. Сәтқалиевтің сөзінше, “Росатом” жобасын іске асыруға шамамен 14-15 миллиард доллар қаражат бөлінеді.

"Актер Жан Байжанбаев жарнамалаған": Алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясы 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтты
