Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев президенттігі тұсында үшінші рет референдум өтпек: Оның бәріне қанша қаржы жұмсалды?

Фото: Stan.kz

Жақында Жаңа Конституция жобасы референдумға шығаруға дайын екені айтылып, оның өтетін күні 15 наурызға белгіленді. Кейін Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізуге 20,8 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Осы орайда Stan.kz осы уақытқа дейін өткізілген референдумдарға қанша қаржы жұмсалатынын есептеп көрді. 

Тоқаев президент болғалы үшінші референдум өтпек

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігі тұсында референдумдарға 52 миллиард теңге кеткен.

Мәселен, 2022 жылы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу және толықтырулар бойынша да референдум болды. Онда президент өкілеттігі мерзімін ұзарту, алғашқы президент статустарын алып тастау сынды бөлімдер болған. Бұл референдумға 16,5 миллиард теңге қарастырылып, бірақ оның 1,6 млрд теңгесі үнемделіп бюджетке қайтарылған екен. 

Мәліметке сәйкес:

  • 16,5 миллиард теңгенің шамамен 79%-ы (13 035 000 000 теңге) комиссия мүшелерінің еңбекақысына жұмсалған. 79% – учаскелік және аумақтық комиссиялардың шамамен 71 мың мүшесінің еңбекақысын қамтамасыз етуге арналған; 
  • қаржының қалған бөлігі, шамамен 3,5 миллиард теңге дауыс беру учаскелерін жабдықтауға, баспа өнімдерін дайындауға, ақпараттық сүйемелдеуге бағытталған.

Айта кетейік, референдум кезінде 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі ашылған.

Референдумға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың шамамен 68 %-ы қатысқан. Ал олардың 77,18 %-ы Конституцияға өзгерістерді қабылдауды қолдаған. Осылайша ұсынылған түзетулер халықтық дауыс берумен қабылданған.

Ал 2024 жылы 6 қазанда Атом электр станциясын салу бойынша референдум өтті. Бұған 15,5 миллиард теңге жұмсалған еді. Сол кезде Орталық сайлау комиссиясы бұл сома:

  • 63 елдегі 78 шетелдік дауыс беру учаскесінде референдумды ұйымдастыру мен өткізу шығындарын қамтиды;
  • 71%-ы (11 005 000 000 теңге) барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының 70 мыңнан астам мүшесінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Олардың әрбірі 157,2 мың теңгеден алады;
  • қалған 29%-ы (4 495 000 000 теңге) ақпараттық сүйемелдеуге, бюллетеньдер мен типографиялық өнімдерді, кеңсе тауарларын дайындауға, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға қажет шығындарға бағытталады.

Бұл референдумда дауыс бергендердің шамамен 71,12%-ы атом электр станциясын салуды қолдады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес тізімге енгізілген азаматтардың 63,87%-ы бюллетень алды. Яғни дауыс беруі керек болған 12 244 683 адамның 7 820 918-і дауыс берді. Референдум нәтижесі бойынша АЭС салу бастамасы оң шешіммен аяқталды. 

Снымен қатар, биыл 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өтеді. 12 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы оған 20,8 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар аталған соманың 75%-ы (15 600 000 000 теңге) учаскелік комиссия мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталатыны айтылды. 

Назарбаев билігі тұсында өткен референдумдар

1995 жылы өткен алғашқы референдум

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылыы 29 сәуірде өтті. Сол кезде 1996 жылға жоспарланған президент сайлауы тоқтатылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігі бүкілхалықтық референдум арқылы бес жылға ұзартылды.

Ресми деректерге сәйкес, референдумға сайлаушылардың 91,21%-ы қатысқан. Оның 95,46%-ы Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды қолдап дауыс берген, ал шамамен 3,8%-ы қарсы болған.

Кейін ол 1999 жылдың қаңтарында және 2005 жылдың желтоқсанында қайтадан президент болып сайланды. Алайда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы байқаушылары бұл сайлаулар халықаралық стандарттарға сай өтпегенін мәлімдеген.

Екінші референдум

Екінші референдум сол жылы, 1995 жылы 30 тамызда өтті. Бұл жолы дауыс беруге жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі шығарылды.

Ресми мәліметке сәйкес, бұл референдумға қазақстандықтардың 90,6%-ы қатысып, олардың 90%-ы жаңа Конституцияны қолдаған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының жазуынша, жаңа Конституция Назарбаевқа парламент ұсынған премьер-министр кандидатурасы бекітілмеген жағдайда Парламентті тарату құқығын берді. Сондай-ақ Конституциялық соттың мәртебесі кеңесші орган деңгейіне түсіріліп, Назарбаевқа Негізгі заңға кедергісіз өзгерістер енгізуге мүмкіндік жасалды.

Бұл референдумға халықаралық байқаушылар мониторинг жүргізбеген. Ал Human Rights Watch дерегінше, жергілікті бақылаушылар дауыс беру нәтижелерінің бұрмаланғанын көрсететін көптеген дәлел тапқан. 

Жалпы Назарбаев билігі тұсында өткен екі референдумға нақты қанша бөлінгені мүлде көрсетілмеген. Тіпті, ашық дереккөздерде де ақпарат жоқ. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 11:48