Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев полицияның халық арасындағы беделінің төмен екенін айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның халық арасындағы беделінің төмен екенін айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

полиция

"Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек”, – деді Тоқаев жұма күні әшкі істер министрлігінің өкілдерімен кездесуінде.

Мемлекет басшысы халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс екенін айтады.

“Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет", – дейді президент.

Тоқаев әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар екенін олардың кейбірі қасақана арандатушылық жасайтынын айтады. 



“Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады. Әрине, офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет. Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті”, – дейді президент.

Ол мемлекет ішкі істер органдарының қызметіне ерекше назар аударып, соңғы үш жылда бірқатар нақты шаралар қолға алынғанын атап өтті.

“Жалақыны бірнеше рет көтердік. Тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлер көбейді. Қазір олардың саны 38 мыңнан асты. Ұлттық ұланға қолдау көрсетілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Инновациялық технологиялар енгізілуде.  Жалпы ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді. Осының бәрі азаматтарды қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін керек”, – деп жалғады президент.

Тоқаев темірдей тәртіптің – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі екеніне назар аударады.

“Мен министрлік басшылығы аймақтарға барып, жұртпен кездесіп жүргенін білемін. Тұрғындарды толғандыратын мәселелер аз емес. Соның бәрін көзбен көріп, ақылдасып, бірлесіп шешкен дұрыс. Сондықтан біз бүгін ішкі істер органдарының жұмысына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз", – дейді президент.

Талқылау