Тоқаев Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовті III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Ақордада мемлекет басшысы ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болғанына тоқталды. Жаһандық бәсекеде отандасымыз Ербол Хамитов алтын және қола медаль жеңіп алды.
“Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық”, – деді президент.
Сондай-ақ президент ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы (Италия) жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Сонымен қатар туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Ждановичке "Парасат" ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы "Үміт" мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа "Құрмет" ордені табысталды.
Айта кетейік, Милан-Кортина қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында Италияда өтті. Оған 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпы есепте 18-орын алды.
Ербол Хамитов биатлоннан алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар жарыстың алғашқы күнінде 1500 метрлік классикалық спринтте қола жүлдеге ие болды.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?