Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Палестина президенті Махмұд Аббасты Астанаға шақырды

 Тоқаев Палестина президенті Махмұд Аббасты Астанаға шақырдыФото: Ақорда

Мемлекет басшысы Палестина президенті Махмұд Аббаспен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорда президенттер әңгімелесу барысында Қазақстан және Палестина арасындағы достық, өзара құрмет пен қолдауға негізделген қарым-қатынасты одан әрі дамыту маңызды екенін атап өткенін мәлімдеді.

“Мемлекеттер басшылары саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты кеңейту перспективасын талқылады. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды реттеу жөнінде пікір алмасты”, – делінген хабарламада. 

Қазақстан президенті "Қос халық үшін екі мемлекет" формуласына сүйене отырып, аймақта тезірек бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға бағытталған жаһандық әрекеттерді қуаттайтынын жеткізді.

“Палестина басшысы Махмұд Аббас елі мен халқына ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде айрықша рөл атқаратынына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Махмұд Аббасты өзіне қолайлы уақытта Астанаға сапармен келуге шақырды”, – деп мәлімдеді Ақорда. 

Еске салсақ, осыған дейін Португалия Ұлыбритания, Канада, Австралия палестиналық мемлекетті ресми түрде мойындағанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 18:27