Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанда 500-ден астам көше Ұлы Отан соғысының батырларының құрметіне қайта аталады

Фото: t.me/aqorda_resmi

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде екі аптадан кейін әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл толатынын еске салып, бұл мерейтойды кең көлемде атап өтетінімізді айтты.

“Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр”, – деді президент.

Сондай-ақ ол бірер күн бұрын өзінің тапсырмасымен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдағанын айтып өтті.

“Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам.

Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз”, – деді ол. 

Президент сөз арасында әскери шерудің мән-маңызына да тоқталып өтті.

“Мен Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз "Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі" жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады", – деп түйіндеді сөзін Тоқаев.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 13:04
Талқылау