Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа жылмен құттықтады. Президенттің құттықтауын отандық телеарналар тікелей эфир арқылы көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзі:

"2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды" Қымбатты отандастар! Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз. Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен күтеді. Әр адам осы сәтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең әсерлі сәттерін еске алады. Болашаққа жоспар құрып, зор үміт артады.

2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты. Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл

– Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті. Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды. Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік салада көп шаруа жасалды. Жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Адам құқықтарын қорғауға баса мән беріліп жатыр. Қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде.

"Халқымыз "Жылқы жылы жайлы болады" деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз"

Біз әр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеттік. Азаматтарымыз білім, ғылым, мәдениет салаларында биік белестерді бағындырды. Олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосты. Оқушыларымыз халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Спортшыларымыз әлемдік додаларда үздік шықты, Көк туымызды желбіретті. Биыл біз "Жұмысшы мамандықтары жылын" атап өттік.

Еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Мемлекет мұғалімдер мен дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетті және осы саясат ұзақмерзімді стратегиялық сипатқа ие болды. Еліміздің мәдениет және ғылым қайраткерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілді. Адал еңбектің қадірін білетін ұлттың келешегі де жарқын болмақ. Өз кәсібінің нағыз маманы болған отаншыл азаматтар еліміздің көшін алға бастайды.

Осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтадық. Экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан осы саяси-географиялық кеңістікте көш бастады. Бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Енді, міне жылқы жылына аяқ басқалы тұрмыз. Қазақ үшін қазанаттың орны қашанда бөлек. Халқымыз "Жылқы жылы жайлы болады" деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз. Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз және нақты жоспарымыз бар.

2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды

2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады. Еліміздің жарқын келешегі үшін алдағы конституциялық реформаның мән-маңызы зор. Азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенемін. Біз энергетикалық әлеуетімізді нығайтып, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы мәселелерін шешіп, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамыта береміз.

Шағын және орта бизнес әрдайым мемлекеттің назарында болады. Барлық өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, жолдар жөнделеді, сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандары бой көтереді. Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ.

Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – басты міндетіміз. Менің бастамаммен жүзеге асырылып жатқан "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында осымен үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат түседі. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай береді. Біз білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға әрдайым айрықша назар аударамыз.

Мемлекет басшысы: "Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді"

Біз мемлекеттік маңызы айрықша "Таза Қазақстан" жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз. Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс. Бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз.

"Бірлігіміз – әралуандықта" деген қағидатқа негізделген қоғамдық келісім мен тұрақтылық – барлық жетістігіміздің бастауы. Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа және ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы әрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді. Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады.

Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тән асыл қасиеттер. Жаңа жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты. Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет.

Президент Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарға алғыс айтты Қадірлі достар! Дәл қазір Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарымыз бар. Бұл – өз ісіне адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Мен Сіздердің табанды еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Сіздерге арнайы құттықтауымды жолдаймын. Елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген барша азаматқа зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз "Ынтымақ бар жерде – ырыс бар" дейді. Сондықтан берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік.

Мемлекет басшысы: "Қазір – мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі"

Бүгін осы ерекше сәтте жастар мен балаларға үндеу жолдағым келеді. Қазір – мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі. Әркім, ең алдымен, өзіне, бойындағы күші мен қабілетіне сенуі керек. Ұлы Абайдың "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап" деген сөзі әрдайым өзекті. Белсенді, білімді, еңбекқор, тәртіпті, ұшқыр болыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Әрқашан алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, амандық және табыс тілеймін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Әр шаңырақ жақсылыққа толсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы, Қазақ Елі жасай берсін! Жаңа жыл құтты болсын!

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 23:57