Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды "тарихи жарақат алған ұлт" психологиясынан арылуға шақырды

қазақ ұлтының тарихыФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды "тарихи жарақат алған ұлт" психологиясынан арылуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді. Біз "тарихи жарақат алған" ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек", – деді Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында.

Оның айтуынша, саясат пен экономикадан бастап климат пен технологияға дейін әлем барлық бағытта өзгеріп жатқан жағдайда, Қазақстанда да батыл, дәстүрлі емес және инновациялық шешімдер қабылдау қажет.

"Үндеуді ең алдымен мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге, ғалымдарға арнаймын. Үлкен, түбегейлі өзгерістер уақыты келді, тіпті келіп те қойды. Еліміз жаңа тарихи шындықта лайықты орын алуға тиіс", – деді Қазақстан президенті.



Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Ассамблея мен Ұлттық құрылтайды біріктіріп, орнына Халық Кеңесін құру туралы бастама көтерді. Тоқаевтың сөзінше, Кеңес құрамына барлығы 126 адам кіреді: олардың 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттардың өкілдері, ал тағы 42-сі қоғамдық ұйымдар атынан болады. Кеңестің отырыстары жылына бір рет өткізіледі. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 16:32