Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент бұл мерекенің мұсылмандар қауымы үшін мәні мен маңызына тоқталды.
“Ардақты ағайын! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы. Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндейді. Бауырластық пен сыйластықты дәріптейді. Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түседі”, – деді Тоқаев өз сөзінде.
Мемлекет басшысы отандастарға ақжарма тілегін арнады.
“Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, таза, қауіпсіз әрі қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Құрбан айт кезінде айтылар дұға-тілектер қабыл болсын! Әр шаңыраққа құт-береке қонсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік”, – делінген жазбада.