Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Қарапайым азамат ұлттық компаниялардың акцияларын алуға қабілетті болу керек

Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым азаматтар ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға қабілетті болуы керек деді. Мемлекет басшысы бұл туралы "Астана" халықаралық қаржы орталығы басқармасының отырысында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) 2021 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды және оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.

Тоқаев халықаралық жағдай құбылып тұрған кезде инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге қабілетті сенімді қаржы көздерін іздеу өзекті болатынын айтты. "Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағы үшін осындай міндетті атқаратын мекемелердің бірі саналады.

“Қазақстан нарықтық, еркін әрі бәсекелі экономиканы қарқынды ілгерілетуге бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Мұндай жағдайда шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің сенімін сақтап қалу және нығайту біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Осыған байланысты АХҚО-ның әлеуеті инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде барынша пайдаланылуға тиіс, – деді президент.

Мемлекет басшысы ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстарын маңызды міндет ретінде атады. "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.

“Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек, – деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін атап өтті. Президент қазіргі құбылмалы жағдайда инвестициялар мен ресурстар үшін бәсекелестік күшейеді деген пікір білдірді. 

“Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл экономикамыздың орнықты өсімі үшін маңызды қадам болмақ, – деді президент.



Мемлекет басшысы үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және кез келген тәуекел-қатерлерден алшақ тұратын басты тауар биржасын орналастыру мәселесін шешудің өзектілігін атап өтті.

“Қазақстан үшін сенімді әрі бәсекеге қабілетті инфрақұрылымы бар биржа нарығы жөнінде мәлімдеу өте маңызды. Бұл аймақтық және жаһандық саудада көшбасшылыққа ие болу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Үкімет осы мәселені жан-жақты пысықтауы керек, – деді президент. 

Тоқаев криптоиндустрия және цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне де тоқталды. 

“Біз әлеуетімізді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Еліміз криптоактивтерді шығару бойынша екінші орында тұр. Алайда біз тек қана шикізат мәртебесін ұстанып қалмауымыз керек. Осы орайда, Үкімет қаржы реттеушілерімен және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесе отырып, кешенді цифрлық экожүйені дамыту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Талқылау