Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасап, Түркістанда келіссөз жасауды ұсынды

Фото: Әлеуметтік желіден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, келіссөз бастауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев қақтығысып жатқан елдерді атысты тоқтатып, келіссөз бастауға шақырды

"Баршаңызға белгілі, соңғы жылдары халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы. Көптеген елдерде қарулы қақтығыстар, тіпті, соғыстар болып жатыр. Бұл үдерістер әлем экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Оны біз Таяу Шығыстағы соғыстан көріп отырмыз. Соғыс әбден шиеленісіп кетті. Меніңше, бұл қақтығыста ақыры еш мемлекет өз пайдасына қол жеткізе алмайды. Қазақстан қақтығыс болып жатқан аймақтың бір бөлігі. Сондықтан осы қастерлі жерден барлық елдерге халықаралық қауымдастыққа Үндеу жасағым келеді. Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейтінін, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайын екенін жеткізді.

"Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді. Алайда, бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттерге байланысты. Ең алдымен олар оң шешім қабылдауы керек. Ал менің ұсынысым бұл – қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі. Әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады", – деді Тоқаев. 


 Еске салайық, бұған дейін 5 наурызда Ираннан ұшырылған дрондар Әзірбайжанның Нахичевань қаласындағы әуежай аумағына құлап, ғимаратқа зақым келтіріп, бірнеше бейбіт тұрғын зардап шекті. Осы жағдай аясында Иран президенті көрші елдерге шабуыл жасамау туралы мәлімдеме жасап, оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 15:04