Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Трамптың Гренландияны әскери жолмен басып алу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді

Фото: The News International

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәкістандық The News International газетіне берген сұхбатында Гренландияны әскери жолмен басып алу мәселесіне халықаралық құқық пен прагматикалық шешімдер тұрғысынан қарау қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аралды әскери оккупациялау мүмкін бе және қандай сценарий шынайы көрінеді деген сұраққа жауап берген мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеде мемлекеттердің өзара тиімділік үшін аумақтарды немесе стратегиялық нысандарды ұзақ мерзімге жалға алу жөнінде келісімге келетін мысалдар аз емес екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, ықтимал нұсқалардың бірі АҚШ пен Дания арасында Гренландия аумағын 120 жыл мерзімге жалға алу туралы келісім жасалуы мүмкін.

"Осы кезде Гренландия заңды түрде Данияның құрамында қала береді, яғни оның егемендігі бұзылмайды. Ал келісімнің практикалық қырлары ортақ стратегиялық мүдделерге сай болар еді. Диалог, жауапты саясат және халықаралық құқықты құрметтеу негізінде тараптар ақырында прагматикалық әрі өзара қабылданатын шешімге келеді деп шын жүректен үміттенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Еске салсақ, бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген еді. Артынша Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 14:45