Тоқаев Филиппин президентіне жеделхат жолдады

Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Филиппин президенті Фердинанд Маркосқа жеделхат жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев "Калмаэги" тайфунының салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Филиппин президенті Фердинанд Маркосқа көңіл айтты.
"Мемлекет басшысы қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді", – делінген Ақорданың хабарламасында.
БАҚ деректеріне сүйенсек, сейсенбі күні "Калмаэги" тайфуны Филиппиннің орталық аймағына соққы берді. Табиғи апат салдарынан 90 адам қаза тауып, тағы 26 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Зардап шеккен аймақтарға бағыт алған әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы кезінде алты адам көз жұмған.
Метеорологтардың мәліметінше, Филиппинге тағы бір тропикалық циклон жақындап келеді. Ол жұма немесе сенбі күні құрлыққа жетіп, демалыс күндері желдің жылдамдығы сағатына 240 шақырымнан асатын аса қуатты супертайфунға айналуы мүмкін.