Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымын не үшін қайта енгізгенін түсіндірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасарын қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Ақорданың мәліметіне сенсек, президент кездесу барысында Дархан Сатыбалдының Түркістан облысында атқарған жұмысына жоғары баға берді.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымы басқару процесі мен аймақтар арасындағы ықпалдастықты жетілдіру, өзінің тапсырмалары мен шешімдерінің жергілікті жерде орындалу барысына бақылауды күшейту, сондай-ақ қабылданған шаралардың сапасын жақсартып, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайту мақсатында енгізіліп отырғанын атап өтті", – делінген Ақорда хабарламасында.

Сонымен қатар Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына нақты міндеттер жүктелді.

Айта кетейік, Дархан Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда дүниеге келген. Ол Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Экономист-менеджер, заңгер мамандығын меңгерген. Қызметінде Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Шымкенттен Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі тұрақты комитеттің мүшесі сынды бірнеше лауазымды атқарды. 



Еске салайық, бұған дейін 6 қаңтарда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қызметтен босатылып, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанын жаздық. Оның орнына Нұралхан Оралбайұлы Көшеров келді. 

Талқылау