Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев барлық салаға озық технология мен жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды

Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Тоқаев IT-бизнестің көкжиегін кеңейтіп, жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды.

“Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет”, – деді президент.

Тоқаев жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру керек деді. Сонымен қатар цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді тапсырды.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономикада кең қолдану технологиялық тәуелсіздік пен экономикалық өсімге ықпал етеді. Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.

“Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр”, – деді Мемлекет басшысы.

STAN.KZ
Жұма, 13 Наурыз, 2026 16:45