Тоқаев банк қызметі туралы заңға қол қойды
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Тоқаев “банктер және банк қызметі туралы” заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған ақпаратты Ақорда баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ президент “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңына қол қойды.
Заң бірқатар ауқымды өзгерістерді көздейді:
- Банк ашу мен жұмыс істеуге рұқсат алу бұрынғыдай қатаң болмайды, талаптар жеңілдетіледі. Нарықтағы шоғырлануды азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында базалық және әмбебап лицензиялар енгізіледі;
- Цифрлық қаржы активтерін реттеу. Қазақстан аумағында олардың айналымына рұқсат беріліп, мұндай активтердің үш түрі көзделеді;
- Исламдық банктік операциялар – әмбебап банктерге қолданыстағы лицензиялар аясында исламдық қаржыландыру операцияларын жүргізуге мүмкіндік беріледі;
- Мінез-құлықтық қадағалау – тәуекелдерді басқару стратегиясы енгізіліп, қаржы өнімдерін бағалайтын тәуелсіз бөлімшелер құрылады. Толық ақпаратты ашу, тұтынушылардың кері байланысын талдау міндеттеледі;
- Төлем қабілетсіз банктерге арналған жаңа тетік. Шығындар бюджет есебінен емес, нарық қатысушыларының қаражаты есебінен өтеледі;
- Тәуелсіз директорлар институты – басқару шешімдерінің объективтілігі мен тәуелсіздігін арттыру мақсатында олардың рөлі күшейтіледі.
Цифрлық теңге және банктерге арналған жаңа талаптар
“Қаржы нарығы, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң қаржы секторын бірыңғай реттеуге және жаңа банктік заңнаманы енгізуге бағытталған.
Аталған құжат банктерді басқару тәртібін, басшылар мен ірі акционерлердің іскерлік беделіне қойылатын талаптарды реттейді. Қаржы омбудсмені институтын қалыптастырады және ірі банктердің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге ықпал етеді.
Сонымен қатар заң цифрлық теңгені және цифрлық шоттарды енгізуді көздейді. Сондай-ақ цифрлық қаржы активтерін реттейді, микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың қызметіне қойылатын талаптарды белгілейді.
Заңның мақсаты
Қаржы нарығының ашықтығын арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, инновацияларды дамыту және банк жүйесінің тұрақтылығын нығайту.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)