Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Досаев енді президентке екі апта сайын есеп беріп отырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары кезінде қала әкімі Ерболат Досаевты қабылдап, қаланы жарықтандыру, пәтерлерге суды уақытылы және толық беру, көшелер мен аулаларды абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" акциясын тұрақты әрі өз деңгейінде өткізудің, қаланы көгалдандырудың, экологиялық ахуалды жақсарту үшін көлік қозғалысын реттеудің, сондай-ақ алматылықтарды алаңдататын басқа да мәселелерді шешудің маңызын атап өтті.

“Президент тапсырмасына сәйкес, Алматыда экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жалғасып жатыр. Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін құны 450 миллиард теңгеден астам қаражатқа 33 жаңа инвестициялық жоба іске асырылады. Биыл жалпы инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10% артады”, – делінген хабарламада.

Ерболат Досаевқа еліміздің ең ірі қаласының қаржы, спорт, туристік әрі мәдени хабы ретіндегі мәртебесін нығайту және тиісті тәртіпке келтіру үшін басқару қызметін күшейту тапсырылды.

Қала әкімі президентке жүргізілген жұмыстар және қабылданған шаралар туралы екі аптада бір рет баяндап отырады.

Еске салсақ, Өзбекстан президенті Қазақстанға келіп, оны Тоқаев күтіп алған еді. Тоқаев Өзбекстан президентімен Алматыда бейресми кездесу өткізіп, қаланы аралатты.

Талқылау