Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Алматыда Біріккен ұлттар ұйымы университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Біріккен ұлттар ұйымы университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройы ел ішіндегі жетістіктерімен тікелей байланысты екенін мәлімдеді.

Президенттің сөзінше, тиімді дипломатияның өзегінде дәл осы жауапты ішкі саясат жатыр.

"Мен білімнің және халықаралық деңгейдегі академиялық ықпалдастықтың дамуына айрықша мән беремін. Әсіресе, әлемнің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қолдаймын. Бұл басымдықтар Біріккен ұлттар ұйымы университетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған Біріккен ұлттар ұйымы орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда Біріккен ұлттар ұйымы университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады”, – деді Тоқаев.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапониядағы сапарында атақты сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесті


"Алғашқы президенттік сапарым": Тоқаев Жапония премьер-министрімен келіссөз жүргізді


Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы университеті мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары арасында бірлескен зерттеу жүргізу, академиялық тәжірибе алмасу және маман даярлау бойынша институционалдық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық зерттеу және білім беру орталығы. Штаб-пәтері Токиода орналасқан университет құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барып, Токио әуежайында Жапонияның сыртқы істер министрі қарсы алғанын жазған едік. Сапар барысында мемлекет басшысы император Нарухито мен премьер-министр Санаэ Такаичимен кездесіп, "Орталық Азия – Жапония" саммитіне қатыспақ.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 14:37