Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төбелес шығып, балағат сөздерді естіп жатамыз": 24 сағат жұмыс істейтін мейрамхана Алматы тұрғындарын ұйқы мен тыныштықтан айырды

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы элиталы аудан тұрғындары бірінші қабатта орналасқан дәмхана кесірінен тұрғын үй опырылып қала ма деп қорқып отыр. Себебі танымал мекеме тәулік бойы жұмыс істейді. Оның үстіне келушілер күні-түні шу шығарады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғындардың айтуынша, дәмхананы ашу кезінде тірек қабырғалар бұзылып, периметр бойынша заңсыз желдету жүйесі орнатылған. Оның үстіне, жұмыс істеп тұрған желдеткіштер мен музыканың дыбысы және кальян мен терезе астындағы төбелестер ұйқыға кедергі келтіреді дейді. Алайда мекеме әкімшілігі бұл мәселелерге көз жұма қарап отыр. 

“Әр түн сайын төбелес, боқтық сөз бен күлген адамдардың дауысы мазаны алады. Мекеме әкімшілігіне қала бойынша кальян шегуге тыйым салынғанын айтсаң да, күліп қоя салады. "Мазаны алмай ішке кіріңдер" десек те тыңдамайды. Ол кальянды іште де шегуге болмайды ғой. Мекеме әкімшілігі “Қолымыздан келмейді, адамдар сол кальян үшін келеді" деп айтады”, – дейді тұрғын Қарлығаш Мергенбаева. 

Фото: Видеодан скрин

Тұрғын үйде 40-қа жуық пәтер бар екен. Қазір оның жартысы бос тұр. Надежда Погорелова есімді тұрғын осы үйде бала кезінен бастап тұрған. Алайда қазір ата-анасының үйіне анда-санда келеді.

“Шуды бұл бөлмеден де, ана бөлмеден де естисің. Ұйықтайтын бөлмеде діріл сезіледі. Олар қызметкерлеріне арнап қосымша әжетхана жасапты. Желдеткіштің құбырларын тура біздің тереземіздің астына шығарып қойған. Сол құбырлар арқылы бүкіл дәретхананың иісі шығады”, – дейді Погорелова. 

Мейрамхана қарсы беттегі үйдің тұрғындарына да тыныштық бермей отыр. Олар бұл ауданда тамақтану орындары бұрыннан бар екенін айтады. Қазір беске жуық мекеме белсенді жұмыс істеп тұр екен. 



“Масқара жағдай. Бірде бір түн ұрыс-керіс, айқай-шусыз өтпейді. Коммунистический көшесіндегі бұл үйдің оң-сол жағындағы үйлердің де тұрғындары ұйықтай алмайды. "Халық денсаулығы туралы" заңда нақты жазылған: тұрғын үйлерде орналасқан қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері кешкі 10-ға дейін, сенбі-жексенбі күндері кешкі 11-ге дейін жұмыс істеуі тиіс. Басқа мекемелердің бәрі осы заңға бағынады. Сонда бір ғана кафе бүкіл аудагды қалай шулатып отыр?” – дейді тұрғын Ләззат Байжанова. 

Тұрғындардың айтуынша, мейрамхананың иесі — танымал қазақстандық блогер. Олар блогермен бірнеше рет сөйлесуге тырысқан, бірақ нәтиже болмаған. Кафе әкімшілігі барлық шағымдарды жоққа шығарады, заң аясында жұмыс істеп жатқанын алға тартады.

“Пікір білдіре алмаймыз. Себебі оның бәрі қонақтардың әрекеті. Бұл жерде кез келген өтіп бара жатқан адам төбелесуі мүмкін. Біз олар үшін жауап бермейміз. Қалада рейдтер өтіп тұрады. Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз. Қолдан келгенше тырысамыз. Мекемеде кальян жоқ. Бәрін алып тастадық. Құжатымыз түгел”, – дейді мекеме әкімшілігі.

Фото: Видеодан скрин

Бірақ полиция бұзушылықтарды растап отыр. Мекеменің қызметкерлері мен келушілеріне бұған дейін де бірнеше рет айыппұл салынған.

“Жыл басынан бері кафе әкімшілігі мен қонақтарына қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін – 5, кальян шеккені үшін – 7, қоғамдық орындарда шылым шеккені үшін – 75 әкімшілік іс қозғалды. Мекенжай бойынша бірнеше рет ескерту берілді, әкімшілік шаралар қолданылды”, – дейді Алматы қалалық полиция департаменті. 

Тұрғындар кафенің жұмыс кестесін өзгертуді және кальяндарды мәзірден алып тастауды талап етіп отыр. Полиция жағдайды бақылауға алған. Жергілікті әкімдік өкілдері келесі аптада тұрғындармен және кафе әкімшілігімен кездесу өткізбек. 

Айта кетейік, бұған дейін Ерекше баланың анасы Алматыда элиталық үйден кезексіз пәтер берілетінін айтып, тұрғындарды алдап соққаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 30 Мамыр, 2025 11:05
Талқылау