Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ТМД елдері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын бірлесіп атап өтеді – Путин

Ресей президенті Путин 2025 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдері Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығын бірлесіп тойлайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: РИА Новости

Ресей басшысының сөзінше, бұл жыл Достастық елдерінде нацизмге қарсы күресте бейбітшілік пен бірлік жылы болады. 

Сонымен қатар ол Достастық елдеріне “Еңбек даңқы қаласы” атағын белгілеп, оны Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске ерекше үлес қосқан қалаларға беруді ұсынды.



8 қазанда Кремльде Путиннің төрағалығымен ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысы басталды. Ресей басшысы ТМД аясындағы өзара іс-қимыл Ресей сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Ол ТМД елдерін ең жақын көршілер, достар және стратегиялық серіктестер деп атады. Ол Ресейдің қауымдастық елдерімен жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екенін мәлімдеді.

Ал еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты ойын жеткізді

“Бұл – Достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата. Еркіндік пен әділдік салтанатының нышанына баланатын мазмұнды мереке. Біз әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз”, – деді Тоқаев. 

Сөз соңында президент 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеу қаласындағы ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Үлкен Кремль сарайына барғанын жазған едік. 

Талқылау