Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тізімде шенеуніктер жоқ: Қазақстанда кімдер 15 миллион теңгеден жоғары жалақы алады

көпбалалы отбасыларға салықтан жеңілдік болмайдыФото: Stan.kz

Қазақстанда қай маман иелері ең көп жалақы алатыны анықталды. Ұлттық статистика бюросы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 2024 жылы ең үлкен номиналды жалақы алған топ-30 мамандықтың рейтингін жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алғашқы ондыққа жалақысы 8 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін жететін мамандықтар енген. Бір қызығы бұл тізімде бірде-бір шенеунік жоқ. Тек бір ғана менеджер бар, ал қалғандары жоғары мамандандырылған мамандар. 

Жоғары жалақы алатындар көшін электр машиналары, аппараттары мен құралдарын сынаумен айналысатын маман бастады. Оның айлық жалақысы — 15,5 миллион теңге. 

Одан кейінгі орында — инженерлік психология саласының сарапшысы. Оның айлығы 15,3 миллион теңге. Мұндай табысқа жету үшін не істеу керек? Бұл бірегей маман психология ғылымындағы білім мен әдістерді техникалық жүйелерді, жабдықтар мен интерфейстерді жобалау, әзірлеу және қолдану үдерістерін оңтайландыру үшін пайдаланады. Ал 14 миллион теңгеге жуық табысты энергия үнемдеу инженері алады екен. 

Өткен жылы ең жоғары жалақы алатын отыз мамандықтың қатарына тіпті қарапайым жұмысшылар да кірген. Олардың үлесі басшылардан әлдеқайда көп болған. Бұл жоғары білікті техникалық мамандардың, инженерлердің кейбір басшылардан да көп табыс табатын уақыты келгенін көрсетеді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, кей компаниялар техникалық сапаны бақылаушыға 6,7 миллион теңге, ал құрылыс саласының инженеріне 5,6 миллион теңге жалақы төлеуге дайын болған.

Топ-30 тізімнің соңғы бестігіне бөлімше және жекелеген нысан басшылары кірді. Олардың айлық табысы 4,7 миллионнан 5,6 миллион теңгеге дейін жетеді екен. 

Фото: finprom.kz

Ашық деректерге сүйенсек, қазір еңбек нарығында жоғарыда аталғандай аса үлкен жалақылар ұсынылып отырған жоқ. Мүмкін, мұндай жалақы алатын мамандарды интернет арқылы емес, өзге компаниялардан "ауыс­тырып" алатын болар. 

Hh.kz (Headhunter) порталындағы ұсыныстарға жасалған талдау көрсеткендей, жарияланған бос жұмыс орындарындағы ең жоғарғы жалақы деңгейі – 3–3,5 миллион теңге. Айта кету керек, бұл нақты белгіленген жалақы емес. Қызметкер белгілі бір көлемде келісімшарттар жасасса, сатылым жоспарын және басқа да шарттарды орындаса ғана қол жеткізе алатын ықтимал табыс.

Жарияланған жоғары жалақысы бар бос орындардың басым бөлігі жылжымайтын мүлік, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларындағы сауда бағытына жатады. Дегенмен, ерекше жағдайлар да кездеседі. Мысалы, Алматыдағы бір компания EGS бағытының жетекшісін іздеп жатыр. Бұл лауазымға 15 жылдан кем емес тәжірибесі бар маман қажет. Оған 1–2 миллион теңге аралығында айлық төлеуге дайын.

Фото: finprom.kz

Ұлттық статистика бюросы әзірге бірнеше миллион теңге көлемінде жалақы алатын жалдамалы жұмыскерлердің санын бөлек саралап көрсетпеген. Есептердегі ең жоғарғы шек – 1,5 мbkkbjy теңге. Қазақстанда 2024 жылы мұндай табыс алатындардың саны шамамен 42,1 мың адам болды. Оның ішінде әйелдердің үлесі небәрі 24,4%.

Ең жоғары үлес 1,5 миллион теңгеден көп табыс табатындардың ішінде өнеркәсіп саласына тиесілі. Ол жалпы санның 35%-ы, яғни 14,7 мың адам. Бұл көрсеткішке ең алдымен мұнай өндіру секторы әсер еткен. Екінші орында – қаржы және сақтандыру қызметі саласы (4,9 мың адам). Үздік үштікке әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласы (3,3 мың адам) енді. Ал жоғары жалақы алатындар коммуналдық салада. Олар бар болғаны 42 адам.

Айта кетерлігі, 1,5 миллион теңгеден жоғары жалақы алатын әр төрт қызметкердің біреуі ғана – әйел. Бұдан бөлек, экономика салаларының ішінде гендерлік теңсіздік айқын байқалады. Мәселен, құрылыс саласында мұндай жалақы алатындардың қатарында әйелдердің үлесі небәрі 8,5%, көлік және логистика секторында – 12,6%, ауыл шаруашылығында – 11,4%. Ал әйелдердің басым көпшілігі денсаулық сақтау мен білім беру салаларында бұл көрсеткіш біршама жоғарырақ деңгейде байқалды.

Фото: finprom.kz

Айтпақшы, 2024 жылы айлығы 1,5 миллион теңгеден жоғары алатындардың арасында мемлекеттік басқару секторы қызметкерлерінің үлесі аз болды. Олардың үлесі бар болғаны 1,5%, яғни 614 адам. Ең жоғары жалақы алатын мамандықтар тізімінде мемлекеттік қызметкерлер 142-орыннан әрі қарай орналасты.

Фото: finprom.kz

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы премьер-министрдің жалақысы 2,5 миллион теңге болған. Бұл электр машиналарын сынаушының еңбекақысынан 6 есе аз.

Біз мемлекеттік басқару өкілдерінің атаулы жалақысы бойынша рейтинг жасадық. Үздік үштікке үкімет басшысы, оның орынбасарлары және аппарат қызметкерлері кірді. Төртінші орынға Жоғарғы соттың қызметкерлері жайғасса, бесінші орында — облыс, Астана және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, олардың жалақысы 1,7 миллион теңге. Министрлер мен мәжілісмендер бұдан аз алады. Олар тиісінше 1,5 миллион және 1,3 миллион теңге алады.

 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 03 Қазан, 2025 17:15
Талқылау