"Тыйым сала алмаймыз": Қазақстан сыртқы істер министрлігі қазақтардың Бучада киіз тігуіне қатысты Ресейдің шағымына жауап берді
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинаның Буча қаласында қазақтардың "нығарлы киіз үй" орнатуына қатысты Ресей СІМ-нің жасаған мәлімдемесіне жауап берді. Оның айтуынша, бұл жекелеген азаматтардың бастамасы болған және ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұдан ешқандай проблема көрмейтінін айтқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Киіз үй – көшпелілердің дәстүрлі баспанасы, оны құрастыру және жаңа жерге көшіру оңай. Киіз үй экологиялық таза, қазақстандық кәсіпкерлер баспананың осы түрін таңдауы да осы себепті болар. Бұл – украин халқына көмектесуге бел буған қазақстандық меценаттардың жеке бастамасы. Біз бұған түсінік бере де алмаймыз немесе тыйым да сала алмаймыз. Елшіліктің бұған қатысы жоқ", – деді Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі қазақстандық меценаттардың әрекетінен айыпты ештеңе көрмейтінін баса айтқан. Ол Қазақстанда 300 мыңға жуық украиналықтар тұратынын, Украинада қазақ диаспорасы да көп екенін еске салды. Қазақ пен украин халықтары ежелден келе жатқан қарым-қатынасты сақтап, бір-біріне көмектесіп келеді деген ол.
"Ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз, киіз үйдің аты – киіз үй. Біз өзімізде киіз үйдің бар екенін мақтан тұтамыз", – деп түйіндеген Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Украинаның Буча қаласында қазақ диаспорасының "нығарлы киіз үй" орнатқаны туралы ақпаратқа түсінік беріп, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми жауап беруін сұраған.
Украинаның Бучасындағы "нығарлы киіз үйді" қазақстандық кәсіпкерлер мен диаспора өкілдері құрған. Киіз үй Олекса Тихий көшесінде орналасқан және алдағы уақытта қала тұрғындары мұнда келіп жылына алады. Сондай-ақ адамдарға тегін палау, бауырсақ пен ыстық сусын берілген.