Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тістері қарайып, шаштары түсе бастады": Балабақшадан тамақтанған 70-тен астам бала қорғасыннан уланып қалды

Өытайда балабақшада балалар қорғасынмен уланғанФото: thePaper.cn/AP/TASS

Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Тяньшуй қаласында жеке балабақшада 70-тен астам бала қорғасыннан уланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми мәліметке сай, "Хэшиши Пэйсинь" балабақшасындағы 74 баланың қанында қорғасын мөлшері қалыпты деңгейден бірнеше есе жоғары болған. Ең жоғары көрсеткіш – 528 мкг/л.

Балалардың ата-аналары наурыз бен маусым айларында бас айналу, іш ауруы, құсу, шаш түсу, тістерінің қараю секілді белгілерге шағымданған. Бірақ бастапқы тексерулер бұл белгілерді растаған жоқ. Кейін ата-аналар балаларын Сиань қаласындағы тәуелсіз зертханаларға апарып, улану фактісі расталды.

Уланудың себебі балабақшадағы тамақ болды. Қорғасын мөлшері әсіресе түрлі-түсті құрма бәліштері мен жүгері шұжығында өте жоғары болған. Сонымен қатар рұқсат етілмеген, арзан ашытқылар (12 юань/кг) қолданылған. Олардың құрамында да қорғасын көп болған.

Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, балабақша мен азық жеткізушілерге қатысты тергеу жүріп жатыр. 200-ден астам азық-түлік үлгілері сараптамаға жіберілді. Балалар Сиань қаласындағы орталық ауруханада ем қабылдап жатыр. Оларға арнайы ем-дом, диета, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.



Дәрігерлердің айтуынша, кей балаларға ұзақ мерзімді бақылау қажет, себебі қорғасын жүйке жүйесіне ауыр зақым келтіруі мүмкін.

Бұл оқиға Қытайдағы мектепке дейінгі мекемелердегі тамақ қауіпсіздігіне деген алаңдаушылықты күшейтті. Бұған дейін де елде балалардың қорғасыннан улану фактілері тіркелген еді (мысалы, 2009 жылы Шэньси мен Хунань провинцияларында). Бірақ арада 10 жылдан асса да, Тяньшуйдағы жағдай жүйедегі бақылаудың әлсіздігін көрсетті.

Мамандар балабақшалардағы тамақ өнімдеріне қатаң бақылау енгізуді, жеткізушілер мен тағам әзірлеу процесін толық тексеруді ұсынады. Сонымен қатар уланған балаларға ұзақ уақыт бойы медициналық және психологиялық қолдау қажет.

Тергеу жалғасып жатыр. Жауаптылардың барлығы қатаң жазаланады деп мәлімдеді жергілікті билік.

STAN.KZ
Сейсенбі, 08 Шілде, 2025 12:26
Талқылау
`