Тіс дәрігеріне қаралуға шамасы келмеген қарт батпантастың көмегімен тісін өзі жұлып алды

Ұлыбританияда қарт ер адамға тісін өз бетінше жұлуға тура келген. Ол бұл үшін арақ пен батпантас (гантель) пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Need To Know-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Глазго қаласының 65 жастағы тұрғыны Джеймс Стюарттың айтуынша, оның тісі қатты ауыра бастаған. Ал бұрын емдеген тіс дәрігері жекеменшік клиникаға ауысып кеткен. Ақылы қызметке оның шамасы жетпеген, ал мемлекеттік емханада кезек күту тым ұзақ болған. Соның салдарынан Стюарт тісін өзі жұлуға шешім қабылдаған.
Ол бұл әрекетін видеоға түсіріп алған: ауырған тісіне жіптің бір ұшын байлап, екінші ұшына гантель іліп қойған. Кейін орындыққа шығып, гантельді төмен қарай тастап жібереді. Нәтижесінде тісі бірден жұлынып шыққан. Осыдан кейін, оның сөзінше, жұқпаның алдын алу үшін аузын арақпен шайған.
“Екі секунд ауырды, сосын бәрі басылды”, – дейді ер адам.
Басылым мәліметінше, Ұлыбританияда миллиондаған адам сақтандыру арқылы тіс дәрігеріне қарала алмайды. Кейбірі қабылдауға бірнеше ай бойы кезек күтеді, ал кейде басқа қалаға баруға мәжбүр болады. Сонымен қатар мемлекеттік клиникалардың оннан тоғызы ересек науқастарды қабылдаудан бас тартады.
Ал видеоға жазылған пікірлердің бірінде Лондондық тіс дәрігері өз клиникасында бос орын бар екенін айтып, тісті жұлу қызметі 76 фунт стерлинг (шамамен 46 мың теңге) тұратынын жеткізген. Басқа қолданушылар Ұлыбританияның денсаулық сақтау жүйесін тиімсіз деп бағалаған.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған