"Тірі қалу мүмкіндігі 50/50": Сирияның экс-президенті Башар Асадтың әйелі лейкемияға шалдығуына байланысты оқшауланған
Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың лейкозбен (қан мен сүйек кемігінің қатерлі ісігімен) ауыратын әйелін емдеп жатқан дәрігерлер оның тірі қалу мүмкіндігін 50/50 деп бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Telegraph басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: AFP
Саясаткердің отбасымен жақын байланыстағы адам Telegraph басылымына Асма Асадтың жағдайы қыл үстінде екенін баяндаған.
"Асма өлгелі жатыр. Лейкоз – адам үшін ең қорқынышты дерт. Оның соңғы кездегі жағдайына қарап тірі қалу мүмкіндігін 50/50 деп бағалауға болады", – деді ол басылымға.
Басылымның хабарлауынша, бұрынғы президенттің әйелі басқа адамдарға жұқпалы ауру жұқтырмас үшін оқшауланған.
"Асма Асадқа басқа адамдармен бір бөлмеде тұруға тыйым салынды. Бірақ әкесі Фаваз әл-Ахрас Мәскеуде біраз уақыт бойы оған қамқорлық танытты", – деді Асад әулетімен жақын байланыстағы тағы бір адам.
Асма Асад 2024 жылдың мамыр айынан бастап лейкемиядан емделіп жатыр. Жарты жыл бұрын Сирия президентінің кеңсесі оның әйеліне жедел миелоидты лейкоз диагнозы қойылғанын хабарлады. Ал 2018 жылы Асма Асадқа сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатысы диагнозы қойылып, 2019 жылдың қаңтарында ісік алынып тасталды. Сол жылдың тамыз айында Асма Асадтың сауығып кеткені хабарланды.
Желтоқсан айының басында Сириядағы Асад режимі құлағаннан кейін Асма Асад та Мәскеуге көшіп келген. Осылайша ол қатерлі ісік ауруының қайталануына қарсы ем-домды бастаған.
Айта кетейік, Асма Асад 1975 жылы Ұлыбританияда дүниеге келген, кардиолог Фавваз Ахрастың қызы. Ол Сирияға 2000 жылы тұрмысқа шыққан кезде оралған. Асма Асад алғашында Сирияда әлеуметтік мәселелер мен білім беру саласында белсенді болған. Ол үнемі елдегі реформаларды қолдаушы ретінде танылды. Асма мен Башардың үш баласы бар: Хафез, Зейн және Карим.
Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.
Сондай-ақ Сирияның экс-президенті Башар Асадтың әйелі ажырасуға арыз беріп, Лондонға оралғысы келетіні туралы жазған едік.